Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа Түркістаннан екі бөлмелі пәтер берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Түркістанды түлеткен" атты жыл қорытындысына арналған іс-шарада облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев боксшыға пәтер кілтін табыс етті. Пәтер "Сырдария" тұрғын үй кешенінде орналасқан.
"Алда Түркістанға қоныс аударамын. Осында жаттығамын. Жаңадан құрылып жатқан "Тұран" бокс клубында жаттығу жасап, әрі жастарға шеберлік сабағын өткізуді жоспарлап отырмын", - дейді Сәкен Бибосынов.
Еске сала кетсек, бұған дейін Сәкен Бибосынов биылғы маусымды қорытындылап, алдағы жылға қатысты жоспарларын бөліскен еді.
"Менің Олимпиадада топ жарсам деген арманым бар. Соған нақты қадам басу үшін дайындықты қайтадан күшейтемін. Келесі жылы көптеген ірі жарыстар бар. Соның бірі - жазғы Азия ойындары.
Ел намысы сыналатын шақта аянып қалмауымыз керек. Сондықтан, келер жылға қойған мақсаттарым да биік", - дейді Сәкен Бибосынов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1949325-alem-cempiony-saken-bibosynovqa-turkistannan-2-bolmeli-pater-berildi/