Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұсыныс көңілден шықса, дайынмын": Сәкен Бибосынов күтпеген мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Сәкен Бибосынов
Сәкен Бибосынов: kfb.kz

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов өзбекстандық боксшы Хасанбай Досматовқа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.

Айта кетейік, бұған дейін Рио Олимпиадасының чемпионы Хасанбай Досматов шетелік басылымға берген сұхбатында Сәкен Бибосыновпен қайта жұдырықтасқысы келетінін айтқан болатын.

Бұған қатысты отандасымыз пікір білдіруді ұмытқан жоқ.

Ол ұсыныстар көңілінен шығып жатса, жұдырықтасудан қашпайтынын жеткізді.

"Хасанбай Досматов – Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Уэль Баркер кубогының иегері. Былтыр Сербияда өткен әлем біріншілігінде Хасанбаймен кездесіп, жеңіске жеттім. Ол БАҚ-қа сұхбат беріп, менімен жұдырықтасқысы келетінін журналистерге айтқан екен.

Әрине, екінші рет кездесуге қарсы емеспін. Екі тарап келісімге келіп жатса, әрине, жұдырықтасамын. Қай салмақ болса да. Келісім беремін.

Мен қазір кәсіпқойда емеспін. Досматовтың промоутер-менеджері бар. Ал менің менеджерім жоқ. Ол үшін промоутерлік компанияның басшылары мені шақырып, "Досматовпен жұдыртасқың келе ме?" деп жатса, қуана келісемін. Ұйымдастыру тарапы күнін, уақытын белгілеп жатса, жұдырықтасамыз.

Сосын гонорары аз болмауы керек. Менің де жетістіктерім баршылық. Азия мен әлем біріншілігінің және олимпиаданың қоласын алдым, дүние жүзінің чемпионы атанып, аз ақшаға бола бокстасқым келмейді. Егер ұсыныстары көңілімнен шықса, жұдырықтасуға дайынмын", - деп ағынан жарылды Сәкен Бибосынов.

Отандасымыз алдағы уақытта кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін екенін жасырмады.

"Негізі кәсіпқойға ауысу мақсатым бар. Қазір әуесқойда жүргендіктен кәсіпқойға қашан ауысатынымды айтпаған жөн деп ойлаймын. Басты мақсатым, балалық шағымдағы арманым – Олимпиада чемпионы атану. Алла қаласа, 2024 жылы Париж олимпиадасына қатысып, алтын үшін барымды саламын. Содан кейін жеке бапкерім Мырзағали Айтжановпен ақылдасып, ақ батасын алып кәсіпқойға ауысамын", - деді Сәкен Бибосынов.

Айта кетейік, Сербияның Белград қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында Сәкен Бибосынов алғашқы кездесуде Рио Олимпиадасының чемпионы Хасанбай Дусматовпен жұдырықтасып, әйгілі боксшыдан басым түсті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1952595-usynys-konilden-syqsa-daiynmyn-saken-bibosynov-kutpegen-malimdeme-zasady/