Танымал спортшы, 33 жастағы боксшы Мерей Ақшалов бокстан Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы болып тағайындалды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Facebook парақшасында хабардар етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Өткен аптада танымал боксшы Мерей Ақшалов бокстан Қазақстан республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы болып тағайындалды. Абыройлы қызметте табыс тілеймін! Еліміз үшін және әр қазақстандық үшін бокстың орны бөлек. Сол үшін әрдайым әлемдік бокс бәсекесінің алдыңғы сапында болуымыз керек", - деп жазды министр әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, Мерей Ақшалов 1988 жылы ШҚО, Аягөз ауданында туған. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадаға қатысқан. 2013 жылы бокстан Азия чемпионы атанды, артынша әлем чемпионы атағына да қол жеткізді. Сонымен қатар, "Астана арландары" бокс клубының бірнеше маусымында ел намысын қорғады. Боксшы 2014 жылы спорттық мансабын денсаулық жағдайына байланысты аяқтаған.
Бұған дейін спортшы Ақмола облысы Шортанды ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1958659-33-zastagy-alem-cempiony-bokstan-memlekettik-zattyqtyrusy-bolyp-tagaiyndaldy/