Таиландтың Пхукет қаласында өтіп жатқан бокстан халықаралық турнирдің ширек финалында әлем чемпионы Сәкен Бибосынов күтпеген жерден жеңіліп қалды. Отандасымызды шаршы алаң қожайыны Танарат Саенфет тоқтатқан. Осы ретте, боксшы Bassport.kz порталына сұхбат беріп, жеңілісіне не себеп болғанын айтты.
Бибосыновтың сөзінше, бұл оның әлем чемпионатынан кейін қатысқан алғашқы жарысы.
"Екі кездесу өткіздім. Жергілікті боксшы болған соң, төрешілер таиландтық спортшыға көмектесті. Аздап бұрмалап жіберді. Әлем чемпионатында дәл осы боксшыны ұтқан едім.
Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бұл да мен үшін үлкен тәжірибе. Әрбір жеңілістен соң шаршы алаңға мықты боп ораламыз. Бапкерлерім де барынша қолдау білдіріп, уайымға салынбауымды сұрап жатыр.
Әлі талай жұмыс атқару керек бізге. Әлем чемпионатынан кейінгі үзіліс маған жақсы әсерін тигізді. Біраз тынығып, жаңа күшпен оралдық.
Биылғы маусымның басты бәсекесі – Қытайда өтетін жазғы Азия ойындары. Сол бәсекеде еліміздің көк байрағын биікке көтеруді мақсат етемін", – дейді Сәкен Бибосынов.
Еске сала кетсек, бұған дейін Таиландта өтіп жатқан турнирде бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов филиппиндік Маржон Пианарды ойсырата жеңгенін жазған едік.
Қазақстан атынан жартылай финалға тағы 5 боксшы жолдама алған болатын. Ал бір спортшымыз Тимур Нұрсейітов жарыс жолынан шығып қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1963810-bokstan-alem-cempiony-saken-bibosynov-tailandtagy-zarysta-kutpegen-zerden-zenilip-qaldy/