
WBA Super және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареске қарсы алдағы жекпе-жегіне қалай дайындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы отандасымыз Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
"Жаттығу лагерінің жартысын артқа тастадық. Әрі қарай жұмысты жалғастырамыз", - деді Геннадий Головкин.
40 жастағы қазақстандық боксшы жаттығу жұмыстарын Калифорнияда (АҚШ) жасап жатыр. Ол америкалық маман Джонатан Бэнкс басшылығымен "Канелоға" қарсы жекпе-жекке дайындалуда.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек биыл 17 қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді.
Кездесуде "Канелоға" тиесілі WBC, WBA, IBF және WBO белбеулері сарапқа салынады.
Боксшылар арасындағы алғашқы жекпе-жек 2017 жылы өтіп, тең нәтижемен аяқталған болатын. 2018 жылы өткен екінші кездесуде Сауль Альварес ұпай санымен жеңіске жетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1983569-zartysyn-artqa-tastadyq-golovkin-alvarespen-otetin-kezdesuge-daiyndygy-zaily-aitty-foto/