Мемлекет басшысы нағыз білек пен жүректі талап ететін спорт түрімен кәсіби түрде шұғылданып жүрген Айдос Ербосынұлына қолдау білдірді. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram арнасы хабарлады.
"Кубалық боксшымен жекпе-жегіңізде бүкіл қазақстандық жанкүйер Сізге тілекші болды. Бәсеке болған жерде жеңіс пен бірге сәтсіздіктің де болатыны заңдылық. Ең бастысы – деннің саулығы. Тезірек сауығып, ортамызға оралып, отандық бокстың дамуына үлесіңізді қоса беретініңізге сенім білдіремін", – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетелік, сенбі күнгі кездесуден соң Айдос Ербосынұлы шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Suleimen Promotions компаниясы барлық шығынды өз мойнына алды.
"Suleimen Promotions компаниясының барлық ұжымы Айдос Ербосынұлының жағдайына алаңдаулы және денсаулығына күнделікті бақылау жасауда. Біздің қайтпас қайсар батырымыз біз үшін кәсіпқой бокстағы "ең үздік" болып қала бермек. Қазір Айдос Минеаполис қаласындағы үздік клиникалардың біріне жатқызылды. Дәрігерлердің сөзінше, жағдайы бірқалыпты, біз оның денсаулығы жақсаратынына сенімдіміз", - деп хабарлады компания.
Кейін әлемдік WBA ұйымы мәлімдеме жасап, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1996574-toqaev-zekpe-zekte-auyr-zaraqat-algan-aidos-erbosynulyna-qoldau-korsetti/