Мырзағали Айтжанов ресми түрде бокстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері атанды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, ол ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен өз еркімен кеткен Қайрат Сәтжановты алмастырып отыр.
Қайрат Сәтжанов 2021 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының ерлер құрамасын басқарған еді. Осы уақыт ішінде қазақстандық боксшылар 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында бес медаль жеңіп алды, сонымен қатар 2022 жылы Амманда өткен Азия чемпионатында үздік өнер көрсетіп, екі чемпионатта да Қазақстан командалық медальдық есепте екінші орынға ие болды.
"Қазақстан бокс федерациясы Қайрат Сәтжановқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдіре отырып, еліміздің Ұлттық командасының жаңа тәлімгері Мырзағали Айтжановқа әлем чемпионаттарында, Азия және Олимпиада ойындарында бұдан да үлкен жетістіктер тілейді", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Мырзағали Айтжанов – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2004306-bokstan-qazaqstan-ulttyq-quramasynyn-zana-bas-bapkeri-tagaiyndaldy/