Мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес қазақстандық Suleimen Promotions командасындағы спортшылармен бірге жаттығу жасап, отандық хит әнге билеп берді. Бұл туралы ұйымның желідегі ресми парақшасы хабарлайды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Әлемге әйгілі боксшы, абсолютті чемпион, біздің серіктес Сауль Алвареспен бірге өткізген дайындық біздің жігіттер үшін мол тәжірбие болды. Жаттығудағы әр сәт пайдалы әрі қызықты өтті. Танымал былғары қолғап шеберімен бір залда дайындалу екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың артуына сеп болды. "Канело" қазақ елі мен өнерін қатты құрметтейді. Әсіресе, қазақ әндерінен керемет әсер алып, билегенді жақсы көреді", - деп жазылған Suleimen Promotions ресми парақшасында.
Жаттығу барысында Альварес қазақстандық әншілер орындайтын "Ақ көйлек киген..." әніне билей жөнелген.
Сауль Альварес жерлесіміз Геннадий Головкинмен үш рет кездесіп, екеуінде жеңіске жетті. Бір жекпе-жекте тең түсті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2006843-aigili-saul-alvares-qazaqtardyn-xit-anine-bilep-zattygu-zasady-video/