Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Соққысы ауыр екен": Әйгілі Флойд Мейвезермен жұдырықтасқан қазақ боксшысы қазір қайда жүр

Опубликовано:

Бақтияр Төлегенов сұхбат беруде
Бақтияр Төлегенов. Скриншот: "Таңшолпан" бағдарламасы

1996 жылғы Атланта Олимпиадасында бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Бақтияр Төлегенов пен америкалық Флойд Мейвезер жұдырықтасты. Кейін әлемге даңқы тараған Мейвезерге қарсы қазақ боксшысы айтарлықтай жақсы бокстасқан, деп жазады "Таңшолпан" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Мейвезермен жекпе-жекті еске алған ол қарсыласының соққысы ауыр болғанын мойындады.

"Рингке шыққан соң, қолғап түйістірдік. Төреші "бокс" деген белгі берген соң, ол тағы да маған сол қолын созып келе жатыр екен. Мен оны тағы да қолғап түйістірмекші деп ойлаппын. Ал ол болса, сол қолымен соққы жасап кетті. Бір жағынан алдап тұр. Қулығы екен. Екінші жағынан, соққысының ауыр екенін білдім", - дейді Төлегенов.

Бақтияр Төлегенов Мейвезермен тең дәрежеде жұдырықтасты. Бірақ екінші раундтан соң мұрнынан қан тоқтамай, жеңіс Мейвезерге берілген. Осы техникалық себеп болмағанда, кездесудің қалай аяқталары белгісіз еді. Америкалық боксшы сол Олимпиадада чемпион атанып, кейін атағы бүкіл әлемге таралды.

"Қазір шәкірттерге, мектептегі балаларға сақ болуды жиі ескертемін. Кейде төреші тоқтатқан соң да, соққы жұмсайтындар бар. Мұндай нәрселер көп нәрсені шешіп кетуі мүмкін. Мейвезердің сол соққысы ауыр екенін түсіндім. Талай боксшымен кездестім, бірақ дәл сондай жылдам соққы көрмедім", - дейді Бақтияр.

Бақтияр Төлегенов бүгінде Жамбыл облысындағы спорт мектебін басқарып отыр. Ол жастар арасындағы ел чемпионатында топ жарып, әлем чемпионатына қатысқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2011549-soqqysy-auyr-eken-aigili-floid-meivezermen-zudyryqtasqan-qazaq-bokssysy-qazir-qaida-zur/