Әлем чемпионатында үндістандық боксшыдан ұтылып, жарыс жолынан шығып қалған Сәкен Бибосынов мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сәкен Бибосынов Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
"Ассалаумағалейкум құрметті Қазақ елі және бокс жанкүйерлері.
2023 жылғы әлем біріншілігі өкінішке қарай мен үшін аяқталды. Дегенмен мұнда келген мақсатым қазақ боксының тарихында есімімді қалдыру еді.
Мойындаймын ұтылдым, кінәні өзімнен іздеймін.
Қателіктер болды. Себеп көп, бірі білсе, бірі білмес.
2022 жылдың аяғында қатты жарақат алып, ота жасатқан болатынмын. Отадан соң үйде 1,5-2 ай емделдім. Жарыстарға шыға алмадым. Мүмкін жекпе жек тәжірбиесі аз болған шығар.
Жарақаттан емделіп шығып, әлем біріншілігінің алдында жарысқа қатысатын уақыт тығыз болды.
Бұның бәрін ақталу үшін айтып жатқан жоқпын.
"Жарысқа ақша үшін қатысты" деп ойлайтындар бар шығар.
Мен елімнің көк туын желбіретіп, екі дүркін әлем чемпионы болғым келді. Дегенмен әрдайым адамның ойлағаны бола бермейді екен. Әр нәрсенің қайыры бар. Жеңісте, жеңілісте бір Алладан екенін ұмытпайық.
Енді қателіктермен жұмыс жасап, Алла қаласа шаршы алаңға мықты болып ораламын. Осымен бокстың есігі жабылмайды, сынбаймын.
“Сырт көз - сыншы” дейді емес пе? Сынды да дұрыс айта білу керек. Сынайтындар да, мақтайтындарда көп.
Кей адамдар бар, жігіттердің намысына тиетіндей жазады. Олай жазбай тұрып, оның жүріп өткен жолымен жүріп көру керек.
Жарыс жолында қалған боксшыларға сәттілік тілеймін. Еліміздің көк туын желбірете берсін", - деді ол.
Еске сала кетейік, Ташкентте өтіп жатқан Әлем чемпионатын Сәкен Бибосынов екінші айналымда бастап, Үндістан өкілі, Азия біріншілігінің жүлдегері Дипак Кумардан ұтылып қалды.
Алайда спорт сарапшылары мен жанкүйерлер қазақстандық боксшының жеңілмегенін желіде жарыса жазуда. Олардың пікірінше, Сәкен Бибосынов бірінші және екінші раундта қарсыласынан басым түскен.
Кейінірек Қазақстанның бокс федерациясы Халықаралық бокс федерациясына шағым түсірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2019770-sebep-kop-bibosynov-alem-cempionatynda-zenilgenin-moiyndap-zankuierlerden-kesirim-surady/