Бокстан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін алты салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Финалдың алғашқы күнінде екі қазақ боксшысы шаршы алаңға көтеріледі.
48 келідегі Санжар Тәшкенбай әлем чемпионатының қола жүлдегері (2021), биылғы Еуропа чемпионы, грузиялық Сахил Алахвердовпен жұдырықтасады.
Бұл Санжардың ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысуы. Жас боксшы бірден финалға шығып отыр.
Сондай-ақ 67 келідегі Дулат Бекбауов та бүгін чемпиондық атаққа таласады. 67 келіде сынға түсетін Дулат өзбекстандық Асадхожа Муйдихожаевпен кездеседі.
Екі спортшы 2022 жылғы Азия біріншілігінің жартылай финалында кездесіп, Дулат 3:2 есебімен қарсыласын ұтқан болатын.
Қадған үш боксшымыз шаршы алаңға ертең шығады.
Айта кетелік, бокстан әлем чемпионатының финалына бес боксшымыз жолдама алды. Сонымен қатар тарихта алғаш рет екі қазақ боксшысы ақтық сында кездеседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2020379-bokstan-alem-cempionaty-bugin-eki-bokssymyz-altynga-talasady/