Бокстан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында Нұрбек Оралбай финалдық жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
80 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған отандық боксшы финалда Қытайдың этникалық қазағы Тоқтарбек Таңатқанмен қолғап түйістірді.
Тартысты өткен кездесуде төрешілердің шешімімен қазақстандық былғары қолғап шебері жеңіске жетті.
Осылайша, Нұрбек Оралбай бокстан әлем чемпионы атанды.
Еске сала кетсек, кеше, 13 мамырда қазақстандық спортшы Санжар Тәшкенбай әлем чемпионы атанса, Дулат Бекбауов күміс медаль еншіледі.
Ал бүгін Махмұд Сабырхан мен Асланбек Шымбергенов ел қоржынына алтын медаль салды.
Ташкенттегі байрақты бәсекеге Қазақстан намысын қорғау үшін 13 боксшы аттанып, оның сегізі жарыс жолынан ертерек шығып қалды.
Жүлдесіз қалған спортшылардың қатарында Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Санатәлі Төлтаев, Сағындық Тоғамбай, Талғат Сырымбетов, Айбек Оралбай және Нұрқанат Райыс бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2020480-nurbek-oralbai-finalda-etnikalyq-qazaqty-zenip-alem-cempiony-atandy/