Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Нұрбек Оралбай 80 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Осы біріншілікте өнер көрсеткен оның сыңары Айбек Оралбай арнайы сұхбат беріп, бұл жеңістің ортақ екенін жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Айта кетелік, Ташкенттегі сында Айбек Оралбай 92 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, екінші кезеңінде италиялық боксшыға есе жіберген болатын. Осыдан соң ол сыңары Нұрбектің жақсы дайындалуына көмектескен.
"Бұл чемпионат мен үшін сәтсіз болды. Бірақ Нұрбектің жеңісі - ортақ жеңісіміз. Бапкерлердің жеңісі. Екеуміз бірге дайындалдық. Мүмкін маған Олимпиада бұйырар, Алла қаласа. Азия чемпионы атандым, енді Олимпиадаға дайындаламын. Ал сыңарым Нұрбектің әлем чемпионы атанғаны мені рухтандырады. Мотивация береді. Бұдан кейін екі есе артық жұмыс істеп, ел әнұранын шырқатуға бар күшімді саламын. Нұрбекке қалай көмектестім? Ең алдымен, менің қателіктерімді қайталамау керектігін айттым. Қасынан табылдым, қолдау көрсеттім. Оның барлық жекпе-жегі қиын өтті", - дейді Айбек.
Айбек Оралбай сыңарының қай кездесуіне қатты қобалжығанын да жеткізді.
"Шыны керек, Иордания боксшысымен жұдырықтасар кезде қатты қобалжыдым. Уайым болды. Себебі Нұрбек Азия чемпионатында одан ұтылған еді. Міне, осы жолы есе қайтарып, бәрімізді қуантты. "Бар күшіңді сал!", - дедім. Жартылай финалда Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Имам Хатаевпен кездесті. Сол жекпе-жекке мен, Нұрбек, бапкеріміз үшеуміз бірге отырып, ақылдастық. Тактика құрдық. Сол тактикамыз жақсы жүрді", - дейді ол.
Нұрбек Оралбайдың финалда этникалық қазақпен кездескеніне қатысты да Айбектің айтары бар.
"Біз оған тек қарсылас деп қарадық. Қазақ болса да, Қытай атынан шығып жатыр. Сондықтан ол бізге қарсылас. Сол үшін шаршы алаңда барымызды салдық. Нұрбектің көптен бері бағы жанбай жүр еді. Өзіме бұйырмаса да, чемпиондық атақ сыңарыма бұйырды. Өте қуаныштымын. Әке-шешеміз бен інілеріміз де әлем біріншілігі басталғаны бері Ташкентте жүр. Олардың қуанғанын көру де үлкен бақыт", - деді Айбек Оралбай.
Еске сала кетейік, Ташкенттегі әлем чемпионатының финалында Нұрбек Оралбай Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатханды жеңіп, алтын медаль жеңіп алды.
Бокстан әлем чемпионаттары тарихында екі қазақ боксшысы алғаш рет кездескен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2020738-nurbektin-bagy-zanbai-zurdi-aibek-oralbai-oz-synarynyn-zenisin-qalai-qabyldady/