Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпаздарын қабылдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Aqorda.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және күміс медаль иегері Дулат Бекбауовты, сондай-ақ бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері мен бапкерлерін қабылдады.
Тоқаев спортшыларды әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтап, бұл күллі еліміз үшін айтулы оқиға екенін атап өтті.
"Әлемдік жарыста төрт алтын, бір күміс медаль алу – зор жетістік. Қазақ жігіттері әлем чемпионы атанып, еліміздің мерейін өсірді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Олардың дауысы сонау Ташкент төрінен анық естілді. Дәл осындай шынайы қолдау спортшыларымызға айрықша күш бергені сөзсіз.
Спорт додасын бүкіл халқымыз көрді, сіздерге тілекші болды деп айтсақ, артық болмайды. Мен де финалдағы жекпе-жектерді түгел көрдім. Жігіттеріміз ел намысын қорғау үшін бар күшін салып айқасты. Желбіреген көк туымызбен және әнұранымызбен бірге халқымыздың рухы көтерілді. Ұлттың асқақ рухы және отаншылдық қасиеті дегеніміз – осы! Өйткені спортшыларымыздың әрбір жеңісі елді қанаттандырады.
Шын мәнінде, өткен жексенбі қазақ боксының асығы алшысынан түскен күн болды. Мұхиттың ар жағында Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық атағын абыроймен қорғады. Оның жеңісті жолы Ташкентте жалғасты. Осының бәрі барша қазақтың мерейін тасытты", – деді президент.
Президент сөзін қорытындылай келе, спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы уақытта да ел намысын қорғайтынына сенімін білдірді.
Сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясының басшылығына, спортшылар мен бапкерлерге Қазақстан Республикасы президентінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары табыс етілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2020816-toqaev-bokstan-alem-cempionatynyn-zuldegerlerin-qabyldady/