Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Боксты кеш бастадым": Қытай намысын қорғаған қазақ баласы Ташкенттегі әлемдік сынды қорытындылады

Жарияланған күні:

Байқоныс Данабек
Байқоныс Данабек. Фото: sports.kz

Бокстан Ташкентте өткен әлем біріншілігінде Қытай қазағы Байқоныс Данабек үш кездесу өткізді. Кубалық спортшыдан ұтылған ол бұл чемпионаттың өзіне үлкен тәжірибе болғанын айтып, шағын сұхбат берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Әлем чемпионатында үш кездесу өткіздім. Бұл мен үшін жақсы нәтиже. Себебі 2019 жылы Екатеринбургте өткен чемпионатта бірден жеңілген едім. Әзірбайжан боксшысы алдымды ораған. Осы жолы 2021 жылғы әлемдік сынның финалисі Давит Чалоянды ұттым. Өзім үшін бұл үлкен жеңіс. Мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай еңбектенемін. Кубалықтан ұтылып қалдым, бұған техникалық шеберлігімнің төмендігі себеп болды", - дейді Байқоныс.

Сонымен қатар боксшы өзінің кәсіби спортты кештеу бастағанын да мәлім етті.

"13 жасымнан бастап бокспен шұғылданамын. Кәсіби тұрғыда бұл кеш саналады. Шыңжаң командасына да 2015 жылы қосылдым. Қытайда бокстан бәсекелестік жоғары. Сегіз жыл бойы күміс жүлдегер атансам, биыл көптен күткен чемпиондық атақ бұйырды. Бес кездесуде жеңіске жеттім. Енді лицензиялық турнирге қатысу үшін тағы да өз мықтылығымды дәлелдеуім керек", - дейді боксшы.

Сөз соңында Байқоныс өзінің аты-жөні БАҚ-та қате жазылып жүргенін айтты.

"Менің атым - Байқоныс. Қазақстанда мені Данабек Байғазы деп атап жүр. Данабек - тегім болады. Енді осы чемпионаттан соң жанкүйерлер есімімді ұмытпайды деп ойлаймын", - деді ол.

Байқоныс Данабек Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Ол 92 келі салмақ дәрежесінде сынға түседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2020907-boksty-kes-bastadym-qytai-namysyn-qorgagan-qazaq-balasy-taskenttegi-alemdik-syndy-qorytyndylady/