Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жеңіліске еті үйреніп қалған": Сиднейде төрт қазақты финалға шығарған бапкер Қоңқабаевты сынға алды

Жарияланған күні:

Қамшыбек Қоңқабаев рингте
Қамшыбек Қоңқабаев. Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов ауыр салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаевты сынға алды, деп жазады Егемен Қазақстан.

Тұрсынғали Еділов Қазақстан құрама­сы биылғы әлем чемпионатында өте жақсы нәтиже көрсеткенін тілге тиек еткен. Алайда көңіл көншітпейтін тұс­тар да бар. Жаттықтырушының сөзінше, аса ауыр салмақ дәре­­­жесінде сынға түскен Қамшыбек Қоң­­­қабаевтың өнеріне кө­ңілі толмаған.

"Қазіргі кезде бұл салмақтың фавориті Баходир Жалолов екені сөзсіз. Бірақ оны да ұтуға болады. Қоңқабаевпен өткіз­ген жекпе-жегінде ол шаршы алаңға қобалжып шықты. Күллі Өзбекстан халқы аса ауыр салмақтағы алыбынан тек алтын жүлде күтіп отырғандықтан, Жалолов қазақ бокс­шысынан қалайда жеңіліп қалмаудың қамын ойлады. Бұл - психологиялық тұрғыдан қосымша ауыртпалық жүктеді. Бәсеке барысында Баходир сол қолмен тіке соққы жасаумен ғана шектелді. Басқа мардымды ештеңе істей алмады. Сол сәтті Қамшыбек ұтымды пайдалануы қажет еді.

Үшінші раунда Қоңқабаев біршама "тіріл­­гендей" болды. Жақсы екі соққы жа­сағанда, Жалолов қашқақтай бастады. Отандасымыз шабуылын одан әрі жал­ғастыруы керек еді. Ал ол қарымта соқ­қы алып қаламын ба деп қорқып, же­ңіліп жатса да, өте сақ әрі баяу қи­мыл­дады. Қар­сыласынан қаймығып, уақыт созып жүріп алды. Бір сөзбен айтсақ, Қамшыбек жігерсіздік танытты. Сын сағатта намысын қамшылай алған жоқ", - деді Тұрсынғали Еділов.

Ол келесі жылы Парижде олимпиада ойын­дары басталатынын еске салды. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы пікірінше, төртжылдықтың ірі додасында Қамшыбек Қоңқабаев аттанса, ұлттық құрама ұтылып қалуы мүмкін.

"Келесі жылы Парижде Олимпиада ойын­дарының алауы тұтанады. Төрт­жыл­дық­тың басты додасында олардың жолдары қайта қиысатыны белгілі. Ол кезде де Қоңқабаевтың ұтылатынына күмәнім жоқ. Себебі Жалоловтан жеңілуге оның еті әбден үйреніп қалған. Ал олай болса, алдын ала осалдығын мойындап, сағы сынған боксшыны Олим­пиадаға апарудың не қажеті бар? Әлде барлығымыз жаратушыға "Фи­налға дейін Қоңқабаевты Жало­ловпен жолықтырмаса екен" деп жалбарынып отыруымыз керек пе? Қамшыбек қанша жерден атақты бокс­шы болса да, оны дереу бас­қа боксшымен алмастыруымыз керек", - деп сөзін қорытындылады Тұрсынғали Еділов.

Айта кетейік, Тұрсынғали Еділов - Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Ол Сидней олимпиадасында төрт боксшыны финалға шығарды. Олар: Ермахан Ибраимов, Бекзат Саттарханов, Болат Жұмаділов және Мұхтархан Ділдәбеков.

Еске сала кетейік, Қамшыбек Қоңқабаев Ташкенттегі әлем чемпионатының ширек финалында өзбекстандық Баходир Жалоловқа 0:5 есебімен жол берді.

Бұған дейін ол өзбек боксшысына әлем және Азия чемпионаттарында есе жіберген болатын.

Ташкенттегі әлем чемпионатында Қазақстан командасы 4 алтын, 1 күміс иеленді.

Қазақстан сапынан Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай жеңіске жетсе, Дулат Бекбауов күмісті қанағат тұтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2021677-zeniliske-eti-uirenip-qalgan-sidneide-tort-qazaqty-finalga-sygargan-bapker-qonqabaevty-synga-aldy/