Халықаралық бокс қауымдастығы рейтингінде Қазақстан құрамасы көш бастап тұр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Sports.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Көш басында тұрған Қазақстан құрамасында 81 000 ұпай бар. Рейтингтің екінші сатысына Өзбекстан жайғасқан. Көрші ел 60 800 баллға ие.
Үздік үштікті 58 050 ұпаймен Ресей қорытындылады.
Сонымен қатар үздік ондықтың қатарында Үндістан, Куба, Бразилия, Италия, Түркия, Мексика және АҚШ бар.
Айта кетейік, бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы төрт алтын және бір күміс медаль жеңіп алды. Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбай чемпион атанса, Дулат Бекбауов финалда өзбек боксшысынан жеңіліп, екінші орынды қанағат тұтты.
Жалпы Өзбекстан астанасындағы байрақты бәсекеге Қазақстан намысын қорғау үшін 13 боксшы аттанып, оның сегізі жарыс жолынан ертерек шығып қалды.
Жүлдесіз қалған спортшылардың қатарында Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Санатәлі Төлтаев, Сағындық Тоғамбай, Талғат Сырымбетов, Айбек Оралбай және Нұрқанат Райыс бар.
Халықаралық бокс федерациясы ұсынған ақпаратқа сәйкес, байрақты бәсекенің чемпиондарына - 200 мың, екінші орын алғандарға - 100 мың, қола жүлдегерлерге 50 мың доллардан берілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2022411-iba-reitinginde-qazaqstan-quramasynyn-nesinsi-orynda-turgany-belgili-boldy/