Бүгін Ханчжоудағы олимпиадалық қалашықта өткен салтанатты ту көтеру рәсіміне Қазақстан спортшылары қатысты.Отандық спортшылар өз әсерін бөлісіп, Азия ойындарына даярлығы туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов үшін бұл алғашқы Азия ойындары болмақ. Спортшы мемлекеттік туды көтеру рәсімі жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
"Азия ойындарына бірінші мәрте қатысып жатырмын. 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарына 52 салмақ дәрежесінде Азат Махмет ағамыз барған болатын. Қазір енді бірінші рет келіп жатырмын. Бәрі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Еліміздің мемлекеттік туы ресми түрде жоғары көтерілді.
Сол мерекелік іс-шараға қатысуға нәсіп етіпті. Әнұранымыз шырқалды. Бұйыртса енді осы Азия ойындарында әнұранымыз сан мәрте шырқалып, көк туымыз ең жоғарыда қалықтасын. Барлық спортшыларға жанкүйер болып, қолдау көрсетіңіздер. Алла қаласа сіздерді тек жарқын жеңістермен қуантуға тырысамыз", - деді Сәкен Бибосынов.
Ал регбиші Балжан Қойшыбаева болса алдағы Азия ойындарына деген дайындығы туралы айтып, жеңіске жету үшін барын салуға уәде етті.
"Осы ойынға жақсы дайындықпен келдік деп ойлаймын. Алдымызға мақсат қойдық. Енді сол мақсатқа жету үшін қолымыздан келгенше жұмыс істеп, жақсы ойын көрсете аламыз деп ойлаймын. Әр команда мықты қарсылас. Топтан шығу үшін екі ойын ойнау керекпіз. Сол екі ойында да жеңіске жету керекпіз. Немесе жақсы нәтиже көрсетуіміз керек", - деді Балжан Қойшыбаева.
Айта кетейік, бүгін Ханчжоуда Қазақстанның мемлекеттік туын салтанатты түрде көтеру рәсімі өткен болатын. Оған отандық бапкерлер мен спортшылар қатысты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2037571-aziada-2023-tu-koteru-rasimine-qatysqan-bibosynov-pen-qoisybaeva-oz-aserin-bolisti/