WBA тұжырымы бойынша бірінші жартылай орта және жеңіл салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы Джервонта Дэвис Ислам дінін қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Boxing Kingdom-ның Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Boxing Kingdom-ның ақпаратына сәйкес америкалық спортшы Джервонта Ислам дінін қабылдап, есімін өзгертті. Енді оның аты - Абдул Вахид. Джервонта Дэвистің бұл әрекетін көпшілік Мұхаммед Әлиге ұқсатты. Ол да Ислам дінін қабылдап, есімін Кассиус Клэйден Мұхаммед Әлиге ауыстырған еді.
Дэвис 2013 жылы әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа көшкен. Содан бері ешкімнен жеңіліп көрмеген. Алғаш рет 2017 жылы 59 кг салмаққа дейінгілер арасында IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған. 2019 жылы 61,5 кг салмақта WBA тұжырымы бойынша "Әлемнің ең мықты спортшысы" атағын жеңіп алған. Ал 2021 жылы 63,5 келіде әлем чемпионы болды.
Жалпы, ол кәсіпқой бокста 29 рет жекпе-жекке шығып, барлығын жеңіспен аяқтаған. Оның ішінде 27 қарсыласын нокаутқа жіберген.
Джервонта Девис соңғы жекпе-жегінде Райан Гарсияны нокаутпен жеңген.
Ол әуесқой бокста 220 рет рингке шығып, 205 кездесуінде жеңімпаз болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2053298-bokstan-alem-cempiony-amerikalyq-dzervonta-devis-islam-dinin-qabyldady-video/