Италияның Бусто-Арсицио аймағында бокстан лицензиялық турнир өтеді. Оған қазақстандық алты спортшы қатысады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Лицензиялық турнир 29 ақпан мен 12 наурыз аралығында өтеді. Әр салмақта жартылай финалға шыққан боксшылар Париж Олимпиадасына жолдама алады.
Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың айтуынша, аталмыш турнирге Қазақстан Спартакиадасының жеңімпаздары барады.
"Алты боксшыны жарысқа қосамыз. Ал Азия ойындарында жолдама мәселесін шешіп қойған Қамшыбек Қоңқабаевты жаттығу жиынына жіберуді ойластырдық", — деді Айтжанов.
Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Әзиз Қожамбетов 63,5 келі салмақ дәрежесіндегі лицензиялық турнирге Ертуған Төренов немесе Мұхаммедсабыр Базарбайұлы баруы мүмкін екенін айтты.
Қазір бокстан Қазақстан командасының қоржынында Олимпиаданың бір жолдамасы бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2055203-olimpiada-licenziyasyn-sarapqa-salatyn-turnirge-qazaqstandyq-alty-sportsy-qatysady/