Дебрецен (Мажарстан) қаласында өтіп жатқан бокстан Иштван Бочкай атындағы халықаралық турнирде қазақстандық боксшылар бақ сынап жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жарыстың кезекті күні қазақстандық 4 былғары қолғап шебері ел намысын қорғады. Оның үшеуі келесі айналымға өтті.
Кенже Мұратұлы (54 келі) қарсыласы жекпе-жектен бас тартқандықтан келесі кезеңге жолдама алды. Ал Асылжан Серікбай (57 келі) украиналық боксшы Олег Чулячеевті жеңді. Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) Мажарстан өкілімен жұдырықтасты. Екінші раундта жергілікті боксшы кездесуді жалғастырудан бас тартты. Сөйтіп Зейнуллинов те келесі айналымға өтті. Ал Данияр Рахымбердинов (92 келі) Мажарстан боксшысы Левенте Кискеден жеңіліп, жарысты аяқтады.
Еске салайық, бұған дейін бокстан Иштван Бочкай турнирінің алғашқы күніндегі Қазақстан боксшыларының нәтижелерін жариялағанбыз.
Айта кетейік, бұл турнир 21 қаңтарға дейін жалғасады. Байрақты бәсекеге Қазақстаннан 14 боксшы барды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2056437-bokstan-istvan-bockai-turniri-qazaqstandyq-us-bokssy-kelesi-ainalymga-otti/