Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Боксқа ағасы жетелеп апарған": Қамшыбек Қоңқабаев туралы не білесіз

Опубликовано:

Қамшыбек Қоңқабаев
Қамшыбек Қоңқабаев. Фото: Luis Robayo/Getty Images

Қазақстандық былғары қолғап шебері Қамшыбек Қоңқабаев боксқа қалай келгенін, Париж Олимпиадасына қалай дайындалып жатқанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігінің Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бокстан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол бокспен 2006 жылдан бері шұғылданады. Бозбала шағынан спортқа икемі бар екенін байқаған ағасы Асқар Қоңқабаев Қамшыбекті бокс үйірмесіне жетелеп алып барған. Асқар Қоңқабаев та кезінде бокспен айналысқан.

"Бокс үйірмесіне келіп, алғашқы жаттығудан кейін осы спорт түрін бірден ұнаттым. Содан, әлем және Олимпиада чемпионы боламын деген мақсат қойдым. Міне, бүгінде сол бала күнгі арман-мақсатыма жету жолында тынбай еңбек етіп келемін", – дейді Қамшыбек.

Қамшыбек бокстың қыр-сырын алғашқы жаттықтырушысы Сейітжан Төкеновтен үйренген. Қазіргі таңда Сейітжан Төкенов – Қоңқабаевтың жеке жаттықтырушысы. Шәкіртіне күні бүгінге дейін тәлім-тәрбие беріп, жарыстарға баптап жүр.

Қамшыбек – 2021 жылы Жапонияда өткен Олимпия ойындарының қола, былтырғы Азия ойындарының күміс жүлде иегері. Сонымен қатар ол – әлем біріншілігінің төрт дүркін, Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері.

"Өз басым, қатысқан турнирлерімді оңай-қиын деп бөлмеймін. Барлық жарысқа жүз пайыз дайындалып, ел намысын абыроймен қорғасам екен деп барамын. Десе де, үлкен дүбірілі додалардың жартылай финалы, финал жекпе-жектері әрқашан тартысты әрі қиын өтеді. Өйткені кіл мықтылар іріктеліп келеді. Ал мансабымда физикалық жағынан, психологиялық тұрғыдан қиын болған жарыс – Токио Олимпиадасы. Өйткені жарыстың атмосферасы, аурасы басқа додаларға қарағанда ерекше", – дейді Қамшыбек Қоңқабаев.

Қамшыбек Қоңқабаев өткен жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында Париж Олимпиадасына жолдама алған еді. Қазір ол ұлттық құрамамен бірге Алматыда Олимпиада ойындарына дайындалып жатыр.

"Олимпиадаға дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Алматы облысындағы "Ақбұлақ" Олимпиадалық орталығында Әзербайжан боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Олимпиадаға аз уақыт қалды. Париждегі додада сәтті өнер көрсетіп, арманымызға қол жеткізу үшін дайындықты бір сәтке де тоқтатпай, үнемі шеберлігімізді шыңдап отыру керек" – дейді боксшы.

Қамшыбек бала күнінен доп тепкенді қатты ұнатады екен. Оқу-жаттығудан, жарыстардан қолы босай қалғанда достарымен футбол ойнайды. Сонымен қатар бос уақытында отбасына көңіл бөліп, бала-шағасымен қыдырғанды жақсы көреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2060858-boksqa-agasy-zetelep-apargan-qamsybek-qonqabaev-turaly-ne-bilesiz/

pixel