Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен бокстан әлемдік лицензиялық турнирде Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алған Сәкен Бибосынов жоспарын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
51 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сәкен Бибосынов лицензиялық турнирдің ширек финалында Ұлыбритания өкілі Киран Макдональдпен қолғап түйістіріп, 4:0 есебімен жеңген еді.
"Менің ең басты мақсатым ел намысын абыроймен қорғап, лицензияға қол жеткізу болатын. Мақсатыма жеткеніме қуаныштымын. Бұл ұзын жолдың басы ғана. Алда бізді ең үлкен жауапкершілік, ең маңызды міндеттер күтіп тұр.
Париж Олимпиадасында Токиодағы қателіктерді жөндеуге тырысамын. Енді жаттығуды үдете түсеміз. Ал лицензиялық турнирге келер болсақ, барлық қарсыласыма қарқынды дайындалдым. Лицензия алатыныма сенімді болдым. Жекпе-жектердің ішінде ең соңғы, шешуші кездесу сәл қиындау соқты. Десе де, жолдамаға қол жеткізсем деген ойым орындалды", – деді Бибосынов.
Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, Сәкен Бибосынов пен лицензия ұтып алған тағы бір қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан елге оралды. Оларды Шымкент әуежайынан спорт саласының мамандары мен спорт жанашырлары және туған-туыстары зор құрметпен қарсы алды.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов екінші рет Олимпиада ойындарына қатысқалы отыр. Бұған дейін ол Токиода өткен Олимпиадада қола медаль иеленген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2067543-tokiodagy-qatelikterdi-qaitalamaimyn-olimpiadaga-zoldama-algan-saken-bibosynov-zosparyn-aitty/