Бокстан лицензиялық турнирге іріктеу спаррингінде жеңіске жеткен Назым Қызайбай финалдағы қарсыласы және жарысқа дайындық қалай болғаны туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Кеше, 8 сәуірде Назым Қызайбай 50 кг салмақ дәрежесіндегі спаррингтің финалында Алуа Балқыбекованы жеңген еді. Екі боксшы да бұрын 48 кг салмақта сынға түсіп, бүгінде олимпиадалық салмаққа ауысқан.
"Алғашында спарринг өтетін білмедік. Жарыс өтетін естіген бойда, жаттығуды бастап кеттік. Иә, 100 пайыз бабымызда болмадық. Психологиялық тұрғыдан да қиын соқты. Себебі, жаныңда жүрген жақын адамыңмен жұдырықтасу оңай емес. Кезінде Алуаны өзім бірге дайындалуға шақырған едім. Кейін ол да осы салмаққа өтіп, өзіме қарсылас болды. Әрине, басында ауыр тиді. Бірақ спорт болғандықтан, оны да түсінемін.
Мен Азия ойындарының ширек финалында, жолдамаға бір қадам қалғанда сүріндім. Алуа Италиядағы турнирдің ширек финалында ұтылды. Үшінші іріктеу кезеңі қарсаңында спарринг жасау – өте дұрыс шешім. Бұған дейін қанша жерден бірінші нөмірлі боксшы болсам да, Олимпиадаға бара алмадым. Спаррингсіз-ақ, орныма басқаларды жіберетін", - деді Назым.
Сондай-ақ Назым мәселенің спарринг арқылы шешілуі ешкімнің көкейінде күмән қалдырмайды деп ойлайтынын айтты.
"Мен ешқашан бәсекелестіктен қашқан емеспін. Кім мықты, сол барсын. Жастарға орын бермеді деген пікірді де істеп жүрмін. Біз жас болғанда, ешкім де орнын босатып бермеген. Сондықтан, өзімді лайықты боксшы санаймын.
48 келіде әлемнің екі дүркін чемпионы атансам да, 50 келіде биік белестерді бағындыра алмай келемін. Екі келінің өзі үлкен роль ойнайтынын қарапайым жұрт түсінбесе де, бокс мамандары жақсы білуі керек. Басқа салмаққа үйрену үшін бір-екі жылдың өзі аздық етеді. Қазір жасым отызға келсе де, жастармен бір деңгейде жаттығып жүрмін. Енді бар күшімді Олимпиадаға лицензия алуға саламын", - деді былғары қолғап шебері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2081627-zaqyn-adamynmen-zudyryqtasu-onai-emes-nazym-qyzaibai-sparringtegi-qarsylasy-turaly-aitty/