Астанада өтіп жатқан спаррингтік турнирде жеңіліп қалған боксшы Балауса Мұздиман мәлімдеме жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Балауса Мұздыман 54 кг салмақтағы спаррингтің ширек финалында Жайна Шекербековаға есе жіберген еді.
“Барлығына соңғы жаңалық мәлім шығар. Иә, ол – менің арманым. Менің ғана емес барлық спортшының арманы. Бірақ Алла берген мүмкіндікті дұрыс пайдаланбадым. Өкініш, әрине бар. Маған сенген жандардың үмітін ақтамадым. Бастысы мен соңғы іріктеуге дейін арманымды сатып кетпедім. Көрдім. Келдім. Бұйырмады. Бірақ мұнымен өмір тоқтап қалмайды, ары қарай жұмысты жалғастырамыз. Мені қолдап соңына дейін жанкүйер болғандарыңызға рахмет!", – деп жазды боксшы Instagram-дағы парақшасында.
Айта кетейік, спаррингтік турнирдің финалы бүгін, 10 cәуірде өтеді. Жеңген боксшылар Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынатын Таиландтағы әлемдік лицензиялық турнирге барады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2082353-umitti-aqtamadym-ulttyq-qurama-sapyna-ilikpegen-bokssy-malimdeme-zasady/