Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы ауруханаға түсіп қалды. Оның 14 шілдеге жоспарланған жекпе-жегі өтпейтін болды, деп хабарлайды Top Rank промоутерлік компаниясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Жәнібек Әлімханұлының менеджері Эгис Климастың сөзінше, спортшы cалмақ қуу кезінде есінен танып қалған. Кейін ол дереу медициналық орталыққа жеткізілген.
"Жәнібек Әлімханұлы бейсенбіде кешке ағзаға су жетіспеуіне байланысты ауруханаға түсіп қалғаннан кейін сенбіде Лас-Вегастағы Palms Casino Resort аренасында Андрей Михайловичке қарсы өтуі керек болған жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр болды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 14 шілдеде жаңа зеландиялық боксшы Андрей Михайловичпен жұдырықтасып, IBF және WBO чемпиондық белбеулерін қорғауы керек болған.
Қазақстандық боксшы соңғы рет өткен жылы қазанда шаршы алаңға шыққан еді. Ол Германия өкілі Винченцо Гуальтиериді алтыншы раундта нокаутпен жеңген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2133342-zhanibek-alimhanuly-auruhanaga-tusti/