Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"4 жасында-ақ "грушаны" ұра бастады": жойқын соққысымен елді баурап алған 7 жасар боксшы қыз жайлы не білеміз

Жарияланған күні:

Жас боксшы Жасмин Бақберген
Жас боксшы Жасмин Бақберген. Фото: Жеке мұрағаттан

Жақында әлеуметтік желіде жеті жастағы қыздың бокс залында жанын салып жаттығып жатқан видеосы тарады. Видеоны көрген желі қолданушылары оған жылы лебізін білдіріп, тәнті болып жатыр. Жойқын соққыларымен көптің сүйіспеншілігіне бөленген кішкентай боксшының аты – Жасмин Бақберген. Осы орайда Жасминнің анасы Зарина Жанпеисовамен тілдесуге мүмкіндік туып, KAZ.NUR.KZ тілшісі көкейдегі сауалды қоюға тырысты.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Әжетханаға камера қойған: Атырауда мектеп басшысы өз әрекетін түсіндірді

– Естуімізше Жасмин 4 жасынан бастап бокспен айналысып келеді. Қызыңыздың боксқа деген қызғушылығын қалай байқадыңыз?

– Жасмин 4 жасынан бастап биге барды. Қызым сол кездің өзінде қайсар мінезді болатын. Жылдамдығы да ерекше болды. Өзінің жекеменшік затына ешкімнің қолын тигізбейтін. Осы мінезін аңғарып, бір күні би үйірмесінен қайтып келе жатып жолай бокс мектебіне соғып көруді жөн санадым. Бокс залына кіргенде жатырқай ма деп қорқып едім, бірақ қызым сол жақтағы түрлі заттарға қызығып тұрып, бірден ілініп тұрған "грушаны" (боксшы тұлыбы) ұра бастады. Осы бір әрекетін аңғарып қалған қазіргі бапкері де бокс залында қыздар жаттықпаса да, Жасминге бокс өнерін үйретуге бел байлады. Міне содан бері екі жарым жылдан астам уақыт бойы жаттығуын үзбей, бокспен айналысып келеді.

– Қыз баласы болғандықтан жаттығудан шаршайтын, жалығатын кездері де болатын шығар...

– Жаттығу барысында Жасминнің шаршағанын бірден байқап қоямын. Әрине қызымның жаттығудан шаршағанын көріп ана жүрегім ауырады. Ондай кезде қызымды ойлап, бірден үйге қайтайық, демалайық деп айтамын. Алайда сондай кездерде Жасмин намысқа тырысып: "Жоқ, анашым, бәрі дұрыс", - деп жаттығуын одан әрі жалғастыра беретініне қарап, қанша жаным ауырып тұрса да, қайтпас қайсар мінезіне тәнті боламын. Қызымнан арманың қандай деп сұрасам, ол әрдайым: "Чемпион боламын, қыздарға бокс үйретемін", - деп жауап береді.

– Жасминнің бойындағы талант пен жігерді алғаш таныған сіз де спорт түрінен алыс емес секілдісіз...

– Мен бала күнімде 7 жыл таэквондомен айналыстым. Бұл спорт түрінен айтарлықтай жетістіктерім жоқ. Бірақ көрші залда өтетін бокс үйірмесін ұрланып көріп, қызығып тұратынмын. Ол уақытта көп жағдайда қыз балаларға бокспен айналысуға рұқсат бермейтін. Ал таэквондодан өсуге ешқандай мумкіндіктер болмады. Мектеп бітіріп тәмамдаған бетте спорт мектебіне оқуға түстім. Алайда жолға шығар уақытта анам босағада отырып, жалғыз қызымсың деп алып қалды. Сондықтан Жасминім менің орындай алмаған арманымды жүзеге асыратынына күмәнім жоқ. Іштегі ой-арманымның жалауын жаққан да осы қызым. Тіпті қызымның арқасында 38 жасымда боксқа келдім (күледі). Қызым үлкен рингте өнер көрсетіп, әлемдік додаларда топ жарса деп армандаймын. Бірақ қазіргі уақытта менің басты тілегім – оның денінің сау болуы. Қалғаны уақыт еншісінде.

Боксшы Алуа Балқыбекова мен Жасмин Бақберген
Боксшы Алуа Балқыбекова мен Жасмин Бақберген. Фото: Жеке мұрағаттан

– Жасминнің бұдан бөлек қандай қызығушылығы бар?

– Жасмин бокстан бөлек би мен әнге қызығады. Тамаша даусы да бар. Ара-тұра сұлулық сайыстарына да қатысып, жеңімпаз атанған кездері де болды. Сәтпаев пен Жезқазған қалаларында өткен "Ұлы дала бала" сайысының бас жүлдесін иеленді. Жүзу спортымен де шұғылданатынын да атап өтуім керек.

– Жасминге оқуы мен боксты қатар алып жүру қиын соқпай ма?

– Бірінші сыныпқа Жасмин биыл барады. Жасминнің тілінен бұрын соққысы бірінші шықты деп айтуға болады. Себебі қызымның тілі кеш шықты, 5 жасынан аса орысша сөйлей бастады. Қазақшасынан гөрі орысшасы басым болды. Сондықтан біз биыл қызымызды қазақ мектебіне беруді жөн көріп отырмыз. "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте", - деген керемет аталы сөзді қаперімде ұстанамын.

– Әңгімеңізге көп рақмет! Жасминнің жолы жарқын жетістікке толы болсын!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2138553-4-zhasynda-aq-grushany-ura-bastady-zhoiqyn-soqqysymen-eldi-baurap-algan-7-zhasar-boksshy-qyz-zhaily-ne-bilemiz/