Ұлттық олимпиада комиететінің басшысы Геннадий Головкин Паврижде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында күміс жүлдеге ие болған боксшы Нұрбек Оралбайға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
- Геннадий Головкин Парижде өткен Олимпиадада күміс медаль алған боксшы Нұрбек Оралбайды құттықтады.
- Головкин Instagram желісінде "Күміс құтты болсын! Алар асу әлі алда. Еңсеңді биік ұста, батыр!" деп жазды.
- Ұлттық олимпиада комитетінің ресми сайтында Головкин Оралбай мен оның бапкері Асқар Еркебаевты құттықтап, бұл олардың алғашқы Олимпиадасы екенін атап өтті.
Головкин 80 кг салмақта жұдырықтасқан былғары қолғап шебері туралы Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
"Күміс" құтты болсын! Алар асу әлі алда. Еңсеңді биік ұста, батыр!", - деді ол.
Оның құттықтауы Ұлттық олимпиада комитетінің ресми сайтында да жарияланды.
"Ұлттық Олимпиада комитеті мен жеке өз атымнан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайды шын жүректен құттықтаймын. Бүгін барша қазақстандық сізбен бірге шаршы алаңда болды десек, артық емес. Олимпиаданың күміс жүлдесі – үлкен марапат. Сіз жанкүйер мақтанатындай жекпе-жек көрсеттіңіз.
Сонымен қатар Нұрбектің жеке бапкері Асқар Еркебаевты да құттықтаймын! Ол шәкіртін Олимпиада тұғырына алып келген мықты маман екені анық. Сіздердің алғашқы Олимпиадаларыңыз спорттық мансаптарыңыздың тек бастамасы болсын. Жеңісіміз арта берсін, еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін!", - делінген құттықтау жеделхатында.
Айта кетейік, күні кеше қазақстандық боксшы ақтық сында Украина өкілі Олександр Хижнякқа есе жіберіп, Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2146081-engsengdi-biik-usta-batyr-golovkin-olimpiadada-kumis-algan-nurbek-oralbaidy-quttyqtady-video/