Бүгін, 12 тамызда Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай елге оралды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Боксшыны Астана әуежайында ата-анасы, туыстары, жанкүйерлері мен спорт мамандары күтіп алды. Нұрбек Оралбай құрмет-қошеметпен қарсы алып, қолдау көрсеткен жұртшылыққа алғыс айтты.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасына Қазақстан ерлер құрамасы сапынан 7 боксшы қатысқан еді. Оның ішінде тек Нұрбек Оралбай финалға дейін жетті. Қазақстандық боксшы финалда Александр Хижнякпен (Украина) жұдырықтасты. 80 кг салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекте Украина спортшысы 3:2 есебімен жеңіске жетіп, алтын медаль жеңіп алды. Ал Нұрбек Оралбай күміс жүлде еншіледі. Кейін Александр Хижняк жекпе-жек туралы ойын айтып берді.
Әйелдер арасында Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ол да бүгін, 12 тамызда елге оралғанын хабарлаған едік.
Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасын 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен аяқтап, жалпыкомандалық есепте 43-орынға табан тіреді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2147661-olimpiadanyng-kumis-zhuldegeri-nurbek-oralbai-elge-oraldy-foto-video/