Өзбекстандық боксшы Баходир Жалолов Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында ерекше жетістікке қол жеткізді. Ол аса ауыр салмақта екі мәрте Олимп шыңын бағындырған алғашқы боксшы атанды, деп KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
- Өзбекстандық боксшы Баходир Жалолов Париж Олимпиадасында 92 кг жоғары салмақта чемпион атанды.
- Жалолов аса ауыр салмақта екі мәрте Олимп шыңын бағындырған алғашқы боксшы болды (2021 жылы Токиода және 2024 жылы Парижде).
- Өзбекстан құрамасы Париж Олимпиадасында бокстан 5 алтын медаль жеңіп алды.
Баходир Жалолов Париж Олимпиадасы аясында өткен бокс бәсекесінде 92 кг жоғары салмақта чемпион атанды. Сондай-ақ ол 2021 жылы Токиода өткен Олимпиадада алтын медаль жеңіп, топ жарған болатын.
Аса ауыр салмақ дәрежесі Олимпиада ойындарына 1984 жылы енгізілген еді. Содан бері бұл салмақта келесідей боксшылар чемпион атанған:
- Лос-Анджелес-1984 – Тайрелл Биггс (АҚШ);
- Сеул-1988 – Леннокс Льюис (Канада);
- Барселона-1992 – Роберто Баладо (Куба);
- Атланта-1996 – Владимир Кличко (Украина);
- Сидней-2000 – Одли Харрисон (Ұлыбритания);
- Афина-2004 – Александр Поветкин (Ресей);
- Бейжің-2008 – Роберто Каммарелле (Италия);
- Лондон-2012 – Энтони Джошуа (Ұлыбритания);
- Рио-де-Жанейро-2016 –Тони Йока (Франция);
- Токио-2021 – Баходир Жалолов (Өзбекстан);
- Париж-2024 – Баходир Жалолов (Өзбекстан).
Жоғарыда аталған боксшылардың ішінен Баходир Жалоловтан басқасы Олимп шыңын екі мәрте бағындыра алмаған.
Айта кету керек, бокстан Өзбекстан құрамасы Париж Олимпиадасында 5 алтын медаль жеңіп алған еді. Атап айтқанда, Хасанбой Дусматов (51 кг), Абдумалик Халоков (57 кг), Асадхуджи Муйдинхуджаев (71 кг), Лазизбек Муллажонов (92 кг) және Баходир Джалолов (92+ кг) Олимпиада чемпионы атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2148871-bahodir-zhalolov-parizh-olimpiadasynda-tarihi-rekord-ornatty/