Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ердос Жаңабергенов: Біздің боксшылар Олимпиадаға не үшін барғанын түсінбеген сияқты

Жарияланған күні:

Ердос Жаңабергенов
Ердос Жаңабергенов. Фото: olympic.kz

Әуесқой бокстан 2005 жылғы әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов қазақстандық боксшылардың Париж Олимпиадасындағы өнері туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Париж Олимпиадасында Қазақстан ерлер құрамасынан 7 боксшының ішінен тек Нұрбек Оралбай финалға дейін жетіп, күміс жүлде еншілеген еді.

"Негізі жігіттер Олимпиадаға не үшін барғанын, жекпе-жекке не үшін шығып жатқанын аса түсінбеген секілді. Өздеріне осы сауалды қоймаған сияқты көрінді. Әйтпесе бабы жаман болды деп айта алмаймын. Бұл дода төрт жылда бір-ақ рет өтеді, ал келесі жолы мұндай бақ бұйыра ма, бұйырмай ма, ол жағы белгісіз. Сондықтан берілген мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану керек еді", - деді Жаңабергенов.

Сондай-ақ Ердос Жаңабергенов ерлер құрамасындағы 7 боксшының әрқайсының Париж Олимпиадасындағы өнеріне баға берді.

"Сәкен Бибосыновқа деген көңілім 50/50. Ал 57 кг салмақтағы Махмұд Сабырхан өз салмағынан кішкентай болды. Егер келесі Олимпиада ойындарына барамын деген ниеті болса, оған да жақсылап дайындалу керек. 63 келідегі Мұхамедсабыр Базарбайұлының Парижге баратыны соңында ғана шешілді. Сондықтан шығар, өзі де іштей күмәнданып жүргендей көрінді. 71 келідегі Асланбек Шымбергеновті түсіне алмай-ақ қойдым. Бұл Олимпиада соңғысы болуы да мүмкін, бұдан кейін жолы түсе ме, білмеймін, сондықтан осы жолы өзін көрсетуі керек еді. Өз басым, оның боксына көңілім толмады. Олимпиаданың алдында бәрін сырып тастап, бар назарды, өзіңді дәл осы аламанға барынша дайындауың керек.

Нұрбек Оралбай қолынан келгенін істеді. Жарайсың деймін. Айбек, былайша айтқанда, аузындағысынан айырылды. Әйтпесе жеребе жаман түскен жоқ. Жеміс ағашы әбден пісіп, міне ауызға түседі деп отырғанда, сол дайын өнімді басқалар келіп жинап алып кетті. Қамшыбек Қоңқабаевтың жағдайы да дәл солай", - деді боксшы.

Ердос Жаңабергенов қазақстандық боксшылардың сәтсіздігіне ұлттық құрама жаттықтырушылары емес, спортшылардың жеке бапкерлері кінәлі екенін айтты.

"Ұлттық құраманың бапкерлері балалар оқу-жаттығу жиындарына барған кезде ғана қадағалай алады. Ол шамамен 20 шақты, ары кетсе 24 күнге созылады. Сол аралықта олар боксшылардың шамасын байқайды, жетпей жатқан тұстарымен жұмыс істейді. Қалған уақытта боксшы жеке бапкерінің қасында", - деді Жаңабергенов.

Еске салайық, Мырзағали Айтжанов бастаған бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2149359-erdos-zhangabergenov-bizding-boksshylar-olimpiadaga-ne-ushin-barganyn-tusinbegen-siiaqty/