Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл жақта сыйлымын": Бақыт Сәрсекбаев шетелде қызмет етіп жүргенін айтты

Жарияланған күні:

Бақыт Сәрсекбаев
Бақыт Сәрсекбаев. Фото: Halyq Uni

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұқбатында Вьетнамда қызмет етіп жатқанын, сондай-ақ бокстан Қазақстан құрамасының тізгінін ұстауға қалай қарайтынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Бақыт Сәрсекбаев қазіргі уақытта Вьетнамда Ханой қаласы құрама командасының кеңесші-бапкері ретінде қызмет етіп жүр.
  • Ол Қазақстан ұлттық құрамасын баптауға қарсы емес, бірақ "Еті сенікі, сүйегі біздікі" деген ұстаныммен берілсе ғана қабылдайтынын айтты.
  • Бақыт Сәрсекбаев: "Қазақ боксының болашағына алаңдаймын. Сол кезде бәрін тастап, елге қайтқым келеді. Қазақ боксын жаңа деңгейге көтерсем деп армандаймын" деп мәлімдеді.

"Біраз уақыттан бері Вьетнамда еңбек етіп жүрген жайым бар. Нақтылап айтсам, бокстан Ханой қаласы құрама командасының кеңесші-бапкерімін. Бұл жақта да жаман жұмыс істеп жатқан жоқпын. Менің шәкірттерім биылғы Вьетнам чемпионатында 2 алтын, 3 күміс және 3 қола медальды иеленіп, жалпы командалық есепте екінші орынды олжалады. 8,5 миллион тұрғыны бар астаналық боксшылар аталған жарыста бұрын-соңды бірде-бір рет осындай биікке көтерілген емес. Осылай қазіргі кезде Үнді-Қытай түбегінде еңбек етіп жүрмін", - деді Бақыт Сәрсекбаев.

Сондай-ақ Бақыт Сәрсекбаев бокстан ұлттық құраманы тізгінін ұстау туралы ұсыныс түссе не деп жауап беретінін айтты.

"Оған қарсы емеспін. Бірақ команданы "Еті сенікі, сүйегі біздікі" деген ұстаныммен берсе ғана қабылдаймын. Әркім жұмысыма араласып, "үйт, бүйт" дегенін қаламаймын. Талабым сол. Қазір өзім де жұмыссыз емеспін. Шетелде жемісті еңбек етіп жатқанымды жоғарыда айттым. Вьетнамның спорт басшылары атқарған шаруаларыма дән риза. Ең бастысы, бұл жақта сыйлымын. Алайда қазақ боксының болашағына алаңдаймын. Сол кезде бәрін тастап, елге қайтқым келеді. Қазақ боксын жаңа деңгейге көтерсем деп армандаймын", - деді Бақыт Сәрсекбаев.

Айта кетейік, Бақыт Сәрсекбаев 2008 Бейжіңде (Қытай) өткен Олимпиада ойындарында бокстан 69 кг дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанған. Сондай-ақ ол үш мәрте Азия біріншілігінде топ жарған (2002, 2005, 2007).

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2152468-bul-zhaqta-syilymyn-baqyt-sarsekbaev-shetelde-qyzmet-etip-zhurgenin-aitty/