Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешкім ешнәрсеге бас қатырғысы келмейді": Бақыт Сәрсекбаев қазақ боксындағы мәселелерді атады

Жарияланған күні:

Бақыт Сәрсекбаев
Бақыт Сәрсекбаев. Фото: instagram/b.sarsekbayev

Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұқбатында Қазақстан боксындағы мәселелерді атап, түбегейлі реформа керегін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Қазақстан бокс федерациясының жұмысында олқылықтар бар екенін айтты.
  • Сәрсекбаевтың айтуынша, федерацияда дұрыс жұмыс жүргізілмейді, ортақ мақсат жоқ және облыстық ұйымдар белсенді емес.
  • Ол ұлттық құрамада бәсекелестік жоқ екенін және жарыстарға үнемі бір ғана спортшылар баратынын сынға алды.

"Федерация тарапынан дұрыс жұмыс жүргізілмейді. Қалыптасқан жақсы бір жүйе, ортақ мақсат жоқ. Ұлттық құра­маның бапкерлер құрамы нашар. Облыстық ұйымдар қол қусырып отыр. Ешкім ешнәрсеге бас қатырғысы келмейді. Бұл саланың бұрынғы басшылығы тұсында әр өңірдің федерациясы бір-бірімен жарыса жұмыс істеп, нәтиже шы­ғаруға талпынатын еді. Әрқайсының өз демеушілері болатын. Жаттықтырушылар лайықты жалақы алып, боксшыларды ынталандыру жағы да назардан тыс қалмайтын. Қазіргі жағдай мүлдем басқа. Көптеген облыстан тегеурінді былғары қолғап шеберлері шықпай жатыр. Кейбір жерлердегі жағдай тіптен мүшкіл", - деп пікір білдірді Бақыт Сәрсекбаев.

Сондай-ақ Бақыт Сәрсекбаев бокстан Қазақстан ұлттық құрамасында бәсекелестік жоқ екенін алға тартты.

"Жер­гілікті федерациялардың да көп нәрседен көңілдері қалғанға ұқсайды. Себебі ұлттық командада бәсекелестік жоқ. Өз­деріңіз байқасаңыздар, байрақты бәсе­келерге үнемі белгілі бір спортшылар ғана барады. Сол санаулы ғана боксшыны әр жарысқа тықпалай береміз. Оның қажеті бар ма, жоқ па, оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Ал шынайы бәсекелестік болмаған жағдайда көрсеткіштің де құлдырайтыны белгілі. Еліміздің бірінші нөмірлі бокс­шылары олардың өкшелеп келе жатқан жуан жұдырықты жігіттердің барын әр күн сайын сезінуі керек. Сонда ешкім босаңсымайды, барлығы да үнемі бабында жүреді. Осы жағдайды федерация басшылығы мен бас бапкер өз бақылауларында ұстап, үнемі қадағалап отыруға тиіс. Бірақ ұлттық құраманы жаттықтырып жүрген бапкерлер тарапынан ондай іс-қимыл байқалмайды", - деді Бақыт Сәрсекбаев.

Бейжің Олимпиадасының чемпионы қазақ боксын тығырықтан алып шығу үшін түбегейлі реформа қажет екенін айтты.

"Бұған дейінгі бапкерлер тарапынан орын алған олқылықтың орнын толтырып, қайта қалпына келтіру үшін кемінде екі олимпиадалық цикл керек-ау. Бірінші кезекте бізге қарақан ба­сының ғана қамын ойлайтындар емес, осы өнерге шын жаны ашитын патриоттар, өз ісінің нағыз білгірлері мен кәсіби мамандар қажет. Сонда ғана қазақ боксының екінші тынысы ашылып, ол әлемдегі үздік командалардың қатарына қайта қосылады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін біраз уақыт керек", - деді Сәрсекбаев.

Еске сала кетейік, Бақыт Сәрсекбаев қазір Вьетнамда Ханой қаласы құрама командасының кеңесші-бапкері болып қызмет етіп жүргенін айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2152504-eshkim-eshnarsege-bas-qatyrgysy-kelmeidi-baqyt-sarsekbaev-qazaq-boksyndagy-maselelerdi-atady/