Қазақстандық спортшы Төрехан Сабырхан әлем чемпионатының үздік боксшысы атағына лайық деп танылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Биыл Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы бокстан әлем чемпионатының жартылай финалында Қазақстан құрамасы сапынан 17 спортшы (8 ер, 9 әйел) сынға түсті. Нәтижесінде бокстан Қазақстан жастар құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде бірінші орынға ие болды. Біздің құрама қоржынында 6 алтын, 1 күміс, 10 қола медаль бар.
Олардың ішінде Төрехан Сабырхан да чемпион атанды. Сонымен қатар қазақстандық жас спортшы аталмыш жарыстың үздік боксшысы деп танылып, арнайы марапатқа ие болды.
Төрехан Будвада (Черногория) өтіп жатқан әлем біріншілігінің финалында кубалық Давид Эспиноcа Сантоямен жұдырықтасты. 67 кг салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекте қазақстандық боксшы қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсіп, чемпион атанды. Бұл жеңісі үшін оған ұйымдастырушылар тарапынан 8000 доллар (3,9 млн теңге) сыйақы беріледі.
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан – жастар және жасөспірімдер арасында төрт дүркін Азия чемпионы атанған Қазақстан тарихындағы тұңғыш боксшы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2182476-torehan-sabyrhan-alem-chempionatynyng-uzdik-boksshysy-dep-tanyldy/