Қазақстандық боксшы Виктор Теміров (5-0, 4 КО) Бад-Херсфельдте (Германия) өткен кәсіпқой бокс кешінде жеңіске жетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Теміров бастапқыда венгриялық Оскар Фикомен (39-37-1, 20 КО) жұдырықтасуы керек еді, бірақ ол жекпе-жектен бас тартты. Сондықтан қазақстандық боксшы никарагуалық Робин Саморамен (21-32, 10 КО) жұдырықтасты.
Он раундқа созылған жекпе-жек барысында екі боксшы бір-біріне ауыр соққы жұмсап, беттері қанға боялды. Кездесу нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шешімімен Теміров жеңіске жетіп, WBF Еуропа чемпиондық белбеуінің бірінші орта салмақтағы титулын иеленді.
Осылайша Виктор кәсіпқой рингтегі алтыншы жеңісіне қол жеткізсе, Робин Самора мансабында 33-рет жеңіліске ұшырады. Теміровтің "Қасапшы" деген лақап аты бар, бірақ неміс жанкүйерлері оны жеңіс жолын Германияда бастаған Геннадий Головкиннің жас кезіне теңейді.
Еске салайық, қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет (13-0, 11 КО) АҚШ-та өткен жекпе-жегінде жеңіске жеткен еді. Ол мексикалық Хоакин Мурриета Лусионы (13-4-3, 11 КО) екінші раундта нокаутқа түсіріп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2182740-zhas-golovkin-atangan-qazaqstandyq-kasipqoi-boksshy-6-ret-zhengiske-zhetip-titul-ielendi/