Бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы Төрехан Сабырхан кубалық боксшымен спаррингтік кездесуге шығып, қабілетін көрсетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Астанада бокстан Қазақстан, Куба, Ресей және Грекия құрамалары бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, өзара тәжірибе алмасқан. Азия чемпионатына бағытталған бұл дайындық кезеңі спаррингтік кездесулер легімен аяқталды.
Желіде жастар арасындағы әлем чемпионы Төрехан Сабырханның кубалық боксшымен спарринг өткізген сәтінің видеосы жарияланды. Бокс жанкүйерлері Төреханның техникалық мүмкіндігін жоғары бағалады.
"Жарық жұлдыз туып келе жатқаны баршаға мәлім, тіл көзден аман бол", "Өнер, бокс, техникасы мықты екен Төреханның", "Тіл көзден сақ болшы! Техника жоғары деңгейде! Жаса бауырым!", "Физикасын толықтырса, мықты болайын деп тұр ғой", "Қорғанысқа жұмыс істеу керек", - деп жазды жанкүйерлер.
Еске салайық, Төрехан Сабырхан Будвадағы (Черногория) жастар арасындағы әлем біріншілігің финалында кубалық Давид Эспиноcа Сантояны жеңіп, 67 кг салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленген еді. Сондай-ақ ол турнирдің үздік боксшысы атанды.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Төрехан Сабырхан қашаннан бастап ересектер арасындағы жарыстарда бақ сынайтынын айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2192637-kubalyq-boksshymen-zhudyryqtasqan-torehan-sabyrhan-kopshilikti-tanggaldyrdy-video/