
Бокстан ұлттық құрама көшбасшылары 24 ақпан мен 2 наурыз аралығында Болгарияда өтетін "Странджа" турнирінде бақ сынайды. Биыл ұлттық құрама қатарына бірнеше жаңа есім қосылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің ақпаратына сүйенсек, биылғы бокс маусымы ұлттық құрама үшін қарқынды басталып жатыр. Жыл басынан бері қазақ боксшылары Испания мен Сербияда өткен халықаралық турнирлерге қатысып, үздік нәтиже көрсеткен.
Ендігі негізгі жарыстың бірі – Болгариядағы "Странджа" турнирі. Көпшілік бұл жарысты "кіші әлем чемпионаты" деп атайды. Болгариядағы бәсекеге Қазақстан құрамасынан бөлек, Алжир, Қытай Тайпейі, Хорватия, Ұлыбритания, Уэльс, Франция, Өзбекстан, Грекия, Мажарстан, Моңғолия, Косово, Словакия, Түркия және жарыс қожайындары Болгария мемлекеттері қатысады.
Биыл ұлттық құрама қатарына бірнеше жаңа есімдер қосылған. Оның ішінде жастар арасындағы әлем чемпионы Төрехан Сабырхан бар. Ол алғаш рет ересектер бәсекесінде өнер көрсетпек.
Сонымен қатар Париж Олимпиадасының жүлдегері Нұрбек Оралбай, әлем және Азия чемпионатының жүлдегері, ұлттық құрамаға қайта оралған Абылайхан Жүсіпов, Париж Олимпиадасының қатысушылары – Айбек Оралбай, Махмұд Сабырхан мен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы және тағы басқа тәжірибелі боксшылар Болгарияда шаршы алаңға шығады. Тағы бір айта кетерлігі, бірнеше боксшы басқа салмақтарда бақ сынап көреді.
Аталған турнирге Қазақстан құрамасының боксшылары 1994 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында отандық боксшылар 12 алтын, 16 күміс, 28 қола медаль жеңіп алған.
Бір қызығы, бүгінге дейін бірде-бір қазақстандық боксшы бұл турнирде екі мәрте чемпион болмаған. Биылғы құрамда Теміртас Жүсіпов пен Махмұд Сабырхан бұл межені бағындыруға мүмкіндігі бар.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін "Странджа" турниріне қатысатын Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы белгілі болғанын хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2223095-bul-turnirde-birde-bir-qazaq-boksshysy-eki-marte-chempion-bolmagan-kishi-alem-chempionaty-dep-ataityn-strandzha-turniri-turaly-ne-belgili/
Пікірлер жүктелуде