
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық боксшы Назым Қызайбайды тарихи жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік!
Сербияда өтіп жатқан әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін", - деп жазды мемлекет басшысы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, бокстан Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында өткен әлем чемпионатында Назым Қызайбай финалдық кездесуде ресейлік Юлия Чумгалакованы 5:0 есебімен жеңіп, үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Назым осыған дейін 2014 және 2016 жылғы әлем біріншілігінде топ жарған еді.
Назым Қызайбай Қазақстан тарихында бокстан үш дүркін әлем чемпионы атанған – алғашқы боксшы. Ерлер арасында да әлі ешкім мұндай жетістікке жеткен емес.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2228565-bul-aituly-zhetistik-toqaev-bokstan-ush-durkin-alem-chempiony-atangan-nazym-qyzaibaidy-quttyqtady/
Пікірлер жүктелуде