
Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы "1001 түн" бағдарламасында қонақ болып, боксшының дайындығы туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бағдарлама жүргізушілері Жәнібек Әлімханұлының дайындығы әдетте АҚШ-та өтіп жүргеніне, ал бұл жолы Қазақстанда жаттыққанына назар аудартып, боксшының менеджерінен себебін сұрады.
"Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жекке Қазақстанда дайындалды. Мұның екі себебі бар. Әрине бокс кеші Қазақстанда өтетін болғандықтан, уақыт ауыстыру қиынға соқпауы үшін. Екіншісі - қазақтың жас спортшылары Жәнібекпен бірге шыңдалсын деген мақсатымыз болды", - деді Берік Сұлтан.
Айта кетейік, 5 сәуірде өтетін халықаралық бокс кешін Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде көруге болады.
Аталған бокс кешінде бүгінде ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген ағайынды Махмұд және Төрехан Сабырхандар өнер көрсетеді.
Олар кәсіпқой бокста бақтарын сынап көрмек. Ағайынды боксшылардың қарсыласы әзірге анықталмаған.
Сондай-ақ осы күні Сұлтан Зауырбек пен Батыр Жүкембаев та бокс кешінің көркін қыздырады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Астана төрінде Өзбекстанның екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Жалолов та кәсіпқой бокстағы шеберлігін көрсетпек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2232542-zhanibek-alimhanuly-aldagy-zhekpe-zhekke-nelikten-qazaqstanda-daiyndalgany-belgili-boldy/
Пікірлер жүктелуде