Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауы: жаңа деректер белгілі болды
Опубликовано:
Читать на русском
Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті, тәртіптік комиссияның төрағасы Рақымжан Ерденбеков боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауын тергеу туралы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Рақымжан Ерденбеков Instagram желісіндегі парақшасында 9 қаңтардан бастап федерация төрт отырыс өткізгенін мәлімдеді. Онда 5 сәуірден (Жәнібектің соңғы жекпе-жегі өткен күннен) бастап жекпе-жек алдындағы сынаққа дейінгі оқиғалар хронологиясы мұқият қаралған. Оның айтуынша, әрбір жаттығу, тамақтану режимі, қалпына келуі және дәрумендерді қабылдауы талданған.
"Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әр азаматқа денсаулық сақтау және медициналық көмек алу құқығына кепілдік берілген, бұл құқықтан ешкім шеттетілмеуге тиіс.
Бұл істе ол затты спорттағы өнімділігін арттыру үшін қолдану ниеті болған жоқ. Зат спортшының ағзасына өмірлік маңызды көрсетілім бойынша енген, спортшының өзі оның құрамында мельдоний бар екенін білмеген. Тексеруден кейін медициналық мекемеде емдеу басталды, демалыс күні болғандықтан және оның жағдайы кейінге қалдырмай араласуды қажет ететіндіктен шұғыл түрде көмекке жүгінді", - деп жазды федерация президенті.
Ерденбеков бұл жағдайда дәрігер нормативтік стандарттарға және науқастың жағдайына сәйкес әрекет еткенін атап өтті.
"Дәрігер тағайындаған "Репронат" препараты Қазақстанда тыйым салынбаған және бүкіл Қазақстан бойынша іс жүзінде қолданылады. Ол дәріханаларда еркін сатылады. Спорт саласына қатысы жоқ дәрігер тыйым салынған заттар бойынша VADA хаттамасын білуге міндетті емес. Тек мамандандырылған спорт дәрігерлері ғана VADA хаттамаларын толық біледі, себебі олардың жұмысына тікелей қатысы бар", - деп түсіндірді ол.
Федерация президенті Жәнібек Әлімханұлының әуесқой немесе кәсіби мансабында ешқашан допинг қолданғаны анықталмағанын және әрқашан допингке қарсы мәдениетті жоғары деңгейде сақтағанын атап өтті.
"Жоғарыда айтылғандарды, сондай-ақ санкциялардың пропорционалдылығына қатысты халықаралық стандарттарды ескере отырып, кінә дәрежесі төмен деп танылды, ", - деді Рақымжан Ерденбеков.
Еске салайық, 2025 жылғы желтоқсанның басында WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш бірдей белбеу үшін жоспарланған жекпе-жек қарсаңында қазақстандық спортшының сынамасынан антидопинг кодексімен тыйым салынған мельдоний заты анықталғаны белгілі болған еді.
Сондай-ақ бұған дейін ҚКБФ президенті алғаш рет Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасының қорытындысын жариялап, тыңдау туралы егжей-тегжейлі айтып берген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2347839-zhanibek-alimhanulyna-qatysty-doping-dauy-zhanga-derekter-belgili-boldy/