Токио Олимпиадасында қазақстандық балуан Нұрислам Санаевтың тістеп алғанына шағымданған үнділік спортшы ақыры финалда өзі де ресейлік спортшыны тістеп алды деп хабарлайды sports.kz.
Санаев үнділік балуан Кумар Равимен белдесіп, қарсыласынан жеңіліп жатқан сәтінде оның қолынан тістеп алған болатын.
Бұл жайт үнділіктердің ашуын келтіргенімен, UWW спортшының әрекетіне әдейі жасалмаған реакция деген баға беріп, қазақстандық балуанға қатысты тәртіптік шара қолданбайтынын мәлімдеген.
Көп ұзамай финалға шыққан Кумар Рави ресейлік қарсыласы Завур Угаветы белдесу кезінде саусағынан тістеп алғаны белгілі болып отыр.
Бұл туралы финалда жеңіске жетіп, алтынға ие болған Завурдың өзі мәлімдеді. Айтуынша, ол Кумарды басынан ұстай бергенде, қарсыласы саусағын тістелей бастаған.
Еске салсақ, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында, керісінше үнді балуаны Сушил Кумар қазақстандық Ақжүрек Таңатаровты тістеп алған еді.
Жартылай финалдық кездесуде үнділік балуан Таңатаровтың құлағын тістеген. Ал төрешілер Кумарды бұл қылығы үшін жазаламауды ұйғарған. Үндістан өкілі финалға жолдама алып, Ақжүрек Таңатаров Олимпиаданың қола жүлдесін жеңген еді. Ақжүрек қола медаль үшін күресте түркиялық Рамазан Шахинді ұтқан болатын.
Айта кетсек, бұған дейін Жапонияда спортшы Миу Готоның алтын медалін тістеп көрген Нагоя қаласының мэрі Такаси Кавамураның басы дауға қалғаны туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/1925948-qazaq-baluany-tistep-alganyna-sagymdangan-undi-sportsysy-olimpiadada-resei-baluanyn-tistedi-foto/