Моңғолияда ұлттық мерекеге орай ұйымдастырылған күрес сайысында Баян-Өлгий аймағының тумасы, этникалық қазақ Серік Бердімұратұлы мемлекеттік "піл дәрежелі балуан" атағын иеленді, деп хабарлайды kaznews.mn сайты.
Серік Бердімұратұлы күрестің жетінші кезеңінде мемлекеттік заан Доржийн Анарды жығып, мемлекеттік "заан" яғни мемлекеттік "піл дәрежелі балуан" атанған.
Серік Бердімұратұлы жасыл алаңда Э.Сумьяабат (6 кезең), Ц.Төмөрцоож (5 кезең), П.Даваадорж (4 кезең), Ш.Чинтулга (3 кезең), Б.Өлзийсайхан (2 кезең), Э.Дашзэвэг (1 кезең) сынды бауландарды айқын басымдықпен жеңген.
Алайда 8 кезеңде мемлекеттік аварга (қаз. чемпион) дәрежелі балуан Намсрайжав Батсуурьдан ұтылып қалған.
Facebook қолданушысы Анық Көкенайұлының жазуынша, Моңғолдың мемлекеттік тойында жеті рет жығып, "Піл" атану - кез келген балуанның арманы. Мұндай атақты Моңғолиядағы қазақтар арасында 1946 жылы Әбдіхажы Терлікбайұлы иеленген.
"Серік ерледі. Қалай мақтап, мақтансақ та жарасады. Келесі жылы бұдан да үлкен жетістікке жетіп, рухымызды асқақтатады деп сенейік!", - дейді Анық Көкенайұлы.
Айта кетейік, Серік Бердімұратұлы 1994 жылы Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Салмағы 110 келі. 2011 жылы аймақтық "піл дәрежелі балуан", 2013 жылы аймақтық "арыстан дәрежелі балуан", 2017 жылы мемлекеттік "лашын дәрежелі балуан" атанған.
Қазақстанда қазақ күресінен өткен "Еуразия Барысы" халықаралық турниріне де бірнеше рет қатысқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/1978184-bayan-olgii-qazagy-mongoliyanyn-zogary-darezeli-pil-baluany-atagyn-zenip-aldy/