Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жапондар шақырып жатыр": 29 жастағы қазақстандық балуан күтпеген жерден күреспен қоштасты

Опубликовано:

Олег Болтин күресте Азия чемпионатында, 2021 жылдың сәуірі
Олег Болтин. Фото: olympic.kz

Еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі, аса ауыр салмақтағы Азия чемпионы Олег Болтин үлкен спортпен қоштаспақ. Қазақстан атынан талай мәртебелі жарыста бақ сынаған Болтин енді Жапонияны бетке алады, деп жазады Bassport.kz.

Олегтің күреспен қоштасқаны туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде жарияланды. Кейін еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов та бұл ақпарды растады.

"Иә, Олег күреспен қош айтысты. Ол ұлттық құрамадан кететінін айтты", – деді жаттықтырушы.

Белгілі болғандай, қазақстандық балуан рестлингтен Жапонияда өтетін шоуға қатысу үшін кілемнен кетпекші. New Japan Pro-Wrestling компаниясы Болтинмен келісімшарт жасасып, енді балуанды өз шоуында өнер көрсету үшін күншығыс еліне шақыртуда.

Олегтің айтуынша, ол 2020 жылға дейін ғана еркін күресте сынға түсуі керек болған. Себебі, жапондық рестлинг компаниясымен келісімшарттың жасалғанына біраз уақыт өтіпті.

"Мен Жапонияда оқыдым. Сол жақта университеттен білім алып, спортты да қатар алып жүрдім. Жапон тілін де жақсы білетінмін. Қазір ол жаққа бармағаныма үш жыл болды, аздап ұмытып қалдым. Университетте оқып жүргенде мен рестлингтен жергілікті компаниямен келісімге келдім.

Олар менің еркін күреспен кәсіби түрде айналысатынымды біліп, 2020 жылға дейін рұқсат берді. Яғни, Токио Олимпиадасынан соң мен рестлингте сынға түсуім керек еді. Алайда, жағдайды бәріңіз білесіздер. Алдымен пандемия басталды, кейін Олимпиаданы бір жылға шегерді. Осы аралықта жапондық компания мені ыждағаттықпен күтті. Қайта-қайта шақырту жіберіп келген.

Енді, міне, 2022 жылы спортпен қоштасып, Жапонияға кетемін деп шештім. Өйткені, арада келісімшарт бар", – дейді Олег.

Олег Болтин екі бірдей әлем чемпионатында қолаға таласып, ұтылып қалған болатын. Ол бұл жеңілістің өкініші әлі күнге дейін ұмытылмағанын айтады.

"Белградта да, Ослода да қола үшін күресіп, ұтылып қалдым. Өте өкінішті, әрине… Елім үшін әлемдік жарыстан қандай да бір жүлде алмағаным қынжылтады. Үлкен спорттан жақсы бір атақпен кеткім келген. Бірақ осыған да қанағат. Енді еліміздің атын рестлингтен танытуға тырысамын", – деді спортшы.

Олег Болтин еркін күрестен 2021 жылы Алматыда өткен Азия біріншілігінің жеңімпазы. Өкінішке қарай, спортшы өз мансабында Олимпиада ойындарына қатыса алған жоқ. Болтин 29 жасында еркін күреспен қош айтысып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/1991194-zapondar-saqyryp-zatyr-29-zastagy-qazaqstandyq-baluan-kutpegen-zerden-kurespen-qostasty/

pixel