Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ күресінен Turan Barysy Азия Кубогына әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары қатысады

Жарияланған күні:

Балуандар бозкілемде
Балуандар бозкілемде. Фото: Қазақстан барысы

29 қазанда Түркістан қаласында Olympic center спорт сарайында алғаш рет қазақтың ұлттық күресінен Turan Barysy Азия Кубогы өтеді. Жарысқа Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері - Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан қатысады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Qazaqstan Barysy қазақ күресін қолдау және дамыту қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дүбірлі додаға жеті елдің ең мықты деген спортшылары қатысады. Олардың арасында қазақ күресімен қоса дзюдодан, самбо мен кураштан халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген спортшылар бар.

Әзербайжан құрамасы атынан самбодан екі дүркін әлем чемпионы Эйваз Бақшиев (60 келі) бақ сынайды.

Мажарстан құрамасы сапында дзюдодан Еуропа чемпионы Эндре Гунич (82 келі), дзюдодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы Барна Бооур (+90 келі) Азия Кубогында жеңіс тұғырынан көрінуге үмітті. Ал түркиялық Фуркан Гүнер дзюдодан Еуропа чемпионы атанған мықты спортшы.

Түрікменстан құрамасының балуандары да осал қарсылас емес. Кураштан әлем чемпионы Шаммухамет Курбанов (66 келі) пен самбодан екі дүркін әлем чемпионы Самвел Айрапетян (82 келі) Түркістан төрінде боз кілемде мықтылармен белдеседі. Түрікменстандық Тежен Теженов болса, самбодан бірнеше дүркін әлем чемпионы. Ол 2017 жылы Минск қаласында қазақ күресінен әлем чемпионы атанған.

Өзбекстан балуандары қазақ күресінен өтіп жүрген халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсетіп жүр. Құрама сапында кураштан әлем чемпионы Умид Есанов (82 келі), кураштан әлем чемпионы, дзюдодан Азия чемпионы Еркін Козоков (90 келі), кураштан үш дүркін әлем чемпионы, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (+90 келі) бар.

Азия Кубогында қазақ балуандарына да үлкен үміт артылып отыр. Қазақстан сапында 90 келі салмақта Айдарбек Тоқтарбек 2021 жылы қазақ күресінен әлем чемпионы атанды. 90 келіден жоғары салмақта Ғалымжан Қырықбай "Қазақстан барысы" республикалық турнирінің 2021 жылы күміс, 2022 жылы қола жүлдегері.

"Турнир еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында өткізіледі. Бұдан бөлек, Turan Barysy жастарды спортқа тарту және ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау міндетін алға қояды", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, іс-шара Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің, сондай-ақ, Qazaq kuresi ассоциациясы, Qazaqstan Barysy қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өтеді.

Турнирдің бас серіктестері – "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ АҚ және "Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры".

Жанкүйерлер турнирді Qazsport және TRT Avaz телеарналарының тікелей эфирінен тамашалай алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/1994415-qazaq-kuresinen-turan-barysy-aziya-kubogyna-alemnin-birnese-durkin-cempiondary-qatysady/