Балуан Жәмилә Бақбергенова Сербия астанасы Белград қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
72 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жатқан Жәмилә Бақбергенова алғашқы жекпе-жегінде сербиялық Наги Надты, ширек финалда ресейлік Ксения Буракованы жеңді.
Енді ақтық сынға шығу үшін Жәмилә Бақбергенова Моңғолия өкілі Дааванасан Енкх Амармен күреседі.
Айта кетейік, бұған дейін Ризабек Айтмұхан финалда әзербайжандық балуан Осман Нурмагомедовті жеңіп, еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанған еді.
Кейін Ризабекті жарқын жеңісімен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, балуанның мұндай жетістігі жас буынның спортқа құлшынысын арттыратынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Ризабектің әлем чемпионатындағы жеңісі үшін мемлекеттен қанша сыйақы алатыны белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2037449-kures-turlerinen-alem-cempionaty-zamila-baqbergenova-zartylai-finalga-syqty/