Еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан мен әлемдік додада қола медальға ие болған Азамат Дәулетбеков елге оралды. Оларды әуежайдан қала тұрғындары мен әріптестері қарсы алды, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Телеарна ақпаратынша, Ризабек Айтмұхан мен Азамат Дәулетбековті күтіп алуға халық көп жиналған. Олардың арасында балуандардың жақындары, журналистер, кезінде Ризабек Айтмұхан оқыған спорт мектебінің оқушылары бар.
Ризабек Айтмұханның алғашқы жаттықтырушысы әрі әкесі Қанат Жолдасбаевтың сөзінше, 10 жылға жуық еңбек пен төккен тер ақталған.
"Бір-екі жыл жай-жай жүріп, ойнап, тартылып, негізгі жұмыс 11 жасынан басталды. Бірінші, Астана спорт мектебіне түстік, одан кейін Алматыға ауысып кеттік. Баланың жағдайы керемет болып тұрды. Жылдам қумай ақырын, кіші жасөспірімдердің арасында чемпион атағына жеттік. Содан кейінгі қойған мақсаты "әлем чемпионы болам деді" соған ұмтылдық", - дейді Ризабек Айтмұханның әкесі Қанат Жолдасбаев.
Ал Ризабек 2019 жылғы Астанада өткен әлем чемпионатында ерікті болып та жұмыс істеп, боз кілемді сүреткенін, алайда араға төрт жыл салып өзі де чемпион болатынын сол кезде тіпті ойлмағанын айтады.
"Өздеріңіз де білесіздер видео да бар. Мен Астанадағы әлем чемпионатында балуандардың ақтық белдесуінде сол кілемді сүрткем. Мен сол кезде шынымды айтсам әлем чемпионы болам деп ойлаған жоқпын", - дейді Ризабек Айтмұхан.
Елге оралған балуан аздап тыныққан соң жаттығуды қайта бастайтынын атап өтті.
Айта кетейік, Сербия астанасы Белград қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында Ризабек Айтмұхан финалда әзербайжандық балуан Осман Нурмагомедовті жеңіп, еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2037540-kezinde-sol-kilemdi-surtkem-erkin-kuresten-qazaqtan-syqqan-tungys-alem-cempiony-rizabek-aitmuxan-elge-oraldy-video/