Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жарысқа турист ретінде барғым келмейді": жарақатынан айыққан дзюдошы ұлттық құрама сапына қосылды

Жарияланған күні:

Мағжан Шамшадин
Мағжан Шамшадин. Фото: olympic.kz

Қазақстандық дзюдошы Мағжан Шамшадин жарақатынан айығып, ұлттық құрама сапына қосылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Мағжан Шамшадин жарақатына байланысты қараша айынан бері татамиге шықпағанын атап өтті.

"Әбу-Дабидегі Grand Slam турнирінен соң ұзақ үзіліс басталды. Жарыстардан шеттеп қалғаныма омыртқаның айқыш байламындағы жарақат себеп болды. Бүгінде денсаулығым жақсы. Жақында Антальяда өткен халықаралық жаттығу жиынына қатысып келдім. Бір-екі күнде Италияға барып, тағы да тексерілемін. Содан соң, Душанбе (Тәжікстан) мен Астанада өтетін Grand Slam турниріне қатысуды жоспарлап отырмын.

Ұлттық құрама бапкерлері де, Асхат Житкеев ағамыз да сәуірде өтетін Азия чемпионатына қатысуымды сұраған. Бірақ толық қалпыма келгенше уақыт беруді өтіндім. Өзімнің және жеке бапкерімнің пайымы бойынша мамырдағы жарыстарға тас-түйін дайын боламыз. Ал турист ретінде барғым келмейді", – деді Мағжан. 

Қазақстандық дзюдошы жарыстарда жоғары ұпай алып, әлемдік рейтингтегі орнын жақсартуды көздеп отыр.

"Елдос Сметов пен Нұрқанат Серікбаев ресми жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Осы аралықта, олар менен 9 жарысқа озып кетті. Жарақатымнан айыққан соң, мен де додаға қосыламын. Бабым мен бағым қатар шапса, жоғары ұпай алып, рейтингтегі жағдайымды жақсартсам деген ойым бар. Себебі, Олимпиадаға қатысу – басты арманым. Қазір әлемдік жарыстарда да менің замандастарым атой салып жүр. 2015 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атандым. Сол кездегі қарсыластарым қазір ересектер арасында топ жаруда. Енді мен де елімнің атын асқақтатқым келеді", – деді Мағжан. 

Еске салайық, өткен жылы ауыр жарақат алған Мағжан Шамшадин ұлттық құрамаға оралатынын жазғанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2080880-zarysqa-turist-retinde-bargym-kelmeidi-zaraqatynan-aiyqqan-dzyudosy-ulttyq-qurama-sapyna-qosyldy/