Әлеуметтік желіде дзюдошы Елдос Сметовтің финалдағы жеңісінен кейін туды алып, айнала жүгіруіне ұйымдастырушылар кедергі жасап, туды тартып алуға тырысқаны түсірілген видео жарияланды. Бұл өз кезегінде жанкүйерлер тарапынан үлкен наразылық тудырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Видеода Елдос Сметов финалда жеңіске жеткеннен кейін жанкүйерлер отыратын трибунадан Қазақстан туын алғаны көрінеді. Алайда оның жеңісті тойлауына бір ұйымдастырушы кедергі жасап, туды тартып алуға тырысқан. Видеоның жариялануы жұртшылықтың арасында қызу талқыға түсіп, бұл жайттың мәнісін түсінбей түрлі сұрақ қойылып жатыр.
Қазақстан дзюдо федерациясының PR менеджері Әйгерім Тоқсанбек дзюдода жеңген спортшынының туды алып, аренаны айнала жүгіруі қарсыласына деген құрметсіздік болып саналатынын айтты.
"Дзюдода жеңген спортшынының туды алып, айнала жүгіруі қарсыласына деген құрметсіздік болып саналады. Дзюдо ең әуелі спортты емес, адамгершілік, құрметті насихаттайды. Дзюдошылар тек марапаттау рәсімінен кейін ғана туды алып жүре немесе жүгіре алады.
Көбісі бокс, күреспен шатастырып жатыр. Дзюдода жеңімпаз дәл жеңісінен кейін туды алып, айнала жүгірмеген. Бұл талап тек Олимпиадада ғана емес, сондай-ақ Гран-при, Гранд-слэм сынды рейтингтік жарыстарда да ескеріледі.
Кейінгі сұқбаттарында Елдос жарыс болған залдың коридорында туды емін-еркін жамылып жүр. Спортшылар шығатын алаңнан толық кеткеннен кейін ғана дзюдошы өз өнерін толық аяқтаған болып саналады. Финалдан кейін марапаттау рәсімі болады. Марапаттау рәсімі де жарыстың негізгі бөлімі болып саналады. Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін ғана спортшылар босатылады", - деді Әйгерім Тоқсанбек.
Айта кетейік, Олимпиаданың алғашқы күнінде дзюдошы Елдос Сметов алтыннан алқа таққан болатын. Осы жеңісінен кейін ол тәуелсіз Қазақстандағы дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2143035-parizhde-eldostyng-tu-zhelbiretuine-kedergi-zhasaldy-tatamide-nege-bairaq-koteruge-bolmaidy/