Жанкүйерлер Алматы қаласының әуежайында Париж Олимпиадасында ел намысын қорғаған дзюдошыларды күтіп алды. Олардың қатарында спортшы Әбиба Әбужақынова да бар, деп KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасында жекелей сында да, командалық бәсекеде де сынға түсті. Жекелей сайыста өз салмағында өнер көрсетсе, командалық сында өзінен 10 кг ауыр дзюдошымен күресуге мәжбүр болған.
"Бізде 57 кг салмақта лицензия алған дзюдошы болмады. Команда үшін күресуге мәжбүр болдым. Сондықтан мен осы салмақта күресуге міндетті едім. Командам үшін барымды салдым. Менен 10 кг ауыр, барымды салдым, бірақ оны бойы мен салмағы менен едәуір үлкен болды", - деді Әбиба Әбужақынова.
Айта кетейік, Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасында 48 кг дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ол қола медаль үшін таласта Тара Бабулфаттан жеңіліс тауып, Олимпиада жүлдесін еншілей алмады.
Сондай-ақ қазақстандық жанкүйерлер Алматы қаласының әуежайында Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен қола жүлдегер Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдодан Қазақстан құрамасын күтіп алды.
- Нұрбек Оралбайдың финалдағы қарсыласы анықталды
- Париж Олимпиадасы: грек-рим күресінен алғашқы қарсыластар белгілі болды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2144493-komandam-ushin-barymdy-saldym-abiba-abuzhaqynova-elge-oraldy/