Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов мемлекеттен берілетін 250 мың доллар сыйақыны қайда жұмсайтыны туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жамбыл облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Дзюдодан Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған Елдос Сметов БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Журналистердің бірі одан мемлекет тарапынан берілетін 250 мың доллар (118,9 миллион теңге) сыйақыны қалай игеретінін сұрады.
"Әр адам істеп жатқан жұмысы үшін ақша алады. Сізге біреу келіп "жалақыңды осы айда қайда жаратасың?" деп сұраса, қалай жауап бересіз? Сондықтан бұл әркімнің жеке өміріне қатысты нәрсе деп ойлаймын. Иә, бұл мемлекеттің менің іс-әрекетімді, жұмысымды, төккен терімді, жетістігімді бағалап, беріп жатқан ақша. Ал оны қалай, қайда жарататыным жеке өміріме қатысты дүние. Былайша айтқанда, бұл менің төрт жылдық жалақым деп ойлаймын", - деді Елдос Сметов.
Айта кетейік, Елдос Сметов Париж татамиіндегі доданың финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, алтын медаль еншілеген еді. Осылайша, дзюдодан Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атанды.
5 тамызда Елдос Сметов өзге де қазақстандық дзюдошылармен бірге елге оралды. Оларды Алматы әуежайында жанкүйерлер сән салтанатпен күтіп алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2146842-eldos-smetov-memleket-beretin-250-myng-dollardy-qaida-zhumsaityny-turaly-suraqqa-zhauap-berdi/